Астанаға әкім, федерацияға президент: Жеңіс Қасымбек жаңа қызметке сайланды
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасының Үстел теннисі федерациясының президенті болып сайланды. Бұл туралы федерация әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Жеңіс Қасымбектің кандидатурасы федерацияның кезектен тыс конференциясында мақұлданған.
Федерацияның мәліметінше, бұл шешім Қазақстанда үстел теннисі дамып, Астанада өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық жүріп жатқан кезде қабылданған.
«Жаңа президенттің басшылығымен Федерация ағымдағы бастамаларды іске асыруды жалғастырады», делінген хабарламада.
Ұйым алдағы уақытта Қазақстанда үстел теннисін дамытуды, спортшылардың дайындығына жағдай жасауды және елдің халықаралық спорт қауымдастығындағы орнын нығайтуды көздеп отыр.
Бұған дейін Қазақстанның Үстел теннисі федерациясын кәсіпкер Данияр Әбілғазин басқарған. Ол бұл қызметті 2018 жылдан бері атқарып келген.
Әбілғазинге дейін федерация президенті қызметін қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атқарған.
Айта кетейік, 2027 жылғы 22 мамыр мен 30 мамыр аралығында Астанада үстел теннисінен «ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027» әлем чемпионаты өтеді.
Бұл Орталық Азия тарихында алғаш рет ұйымдастырылатын үстел теннисінен әлем чемпионаты болмақ.
Соңғы жаңалықтар