"20 жасқа толар еді": Ақын Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлына жантебірентер жазба арнады

20.07.2026 15:43 Мөлдір ҚАЙНАР
984
Фото: ашық дереккөз

Ақын Серікзат Дүйсенғазы өмірден ерте өткен ұлы Әлиханды еске алып, әлеуметтік желідегі парақшасында тебірентерлік жазба қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

​Ақынның айтуынша, бүгін ұлы өмірде болғанда 20 жасқа толар еді. Ол қайғылы оқиғадан бері төрт жыл өтсе де, өкініш өзекті өртейтінін айтып, перзентіне деген үлкен үмітін былайша еске алды:

​“Бүгін марқұм Әлихан батырым ортамызда болса, жиырма жасқа толар еді. Көзді ашып-жұмғанша жиырма жыл өте шығыпты. Әлиханымды жоғалтқаныма да төртінші жылдың жүзі болыпты. Қазір өзі қалаған Германияның техникалық университеттерінің бірінде үшінші курс студенті болып жүрер ме еді? Әттең, амал қанша?! Өте зерек, ақылды бала болды. Кітапты өте көп оқитын еді. Техника саласына олжа салар ғалым болатын шығар деп үміттеніп жүрген едім”, – дейді ол.

​Серікзат Дүйсенғазы ұлының өлең жазатынын тек өмірден өткеннен кейін ғана білгенін жасырмады.

​“Қалыптасқан ақындығы бар екенін қайтыс болған соң ғана білдім. Өлең жазатынын менен жасырып жүріпті. Оның бәрін еске алсақ, өзегіміз өртенеді. Әсіресе, анасына өте ауыр”, – деп жазды Серікзат Дүйсенғазы.

​Мұнымен қоса, ақын Жаратқанның жұбаныш ретінде тағы бір перзент сыйлағанын, кенжесінің тәтті қылығы отбасының қайғысын жеңілдетіп жүргенін жеткізді. Сонымен қатар, кәсіпкер Қанат Сәнік пен ақын Серік Қалиевтің қолдауымен «Әлиханның арманы» атты естеліктер жинағы шыққанын, ал режиссер Мұрат Есжанның осы аттас деректі фильм түсіргенін атап өтті.

​Ақын жазбасының соңын марқұм ұлына деген асыл тілегімен түйіндеді:

​“Е, айналайын Әлиханым-ай! Сені біз бұл өмірден өткенше жүрегіміздің бесігінде әлдилейміз. Жатқан жерің жарық, жаның жәннаттың төрінде болсын, жарығым”, - деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий