Ресейде маймыл шешегі анықталды: Қазақстанға жұғу қаупі қандай?

Ресейде маймыл шешегі анықталды: Қазақстанға жұғу қаупі қандай?

Ресейде маймыл шешегінің анықталуына байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады. Ведомство инфекцияның елге әкеліну қаупі бар екенін, бірақ халық арасында кеңінен таралу ықтималдығы төмен екенін хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда маймыл шешегінің таралуына жол бермеу үшін сақтық шаралары күшейтілген. Шекарадағы санитариялық бақылау қатаңдатылып, ауру тіркелген елдерден келген азаматтар бақылауға алынған.

Барлық шекаралық өткізу пункті дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған. Медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны анықтауға дайындығы да тексеріліп жатыр.

Министрліктің хабарлауынша, көліктің барлық түрінде жүргізілген тексерулер кезінде аса қауіпті инфекция жұқтырған немесе ауруға күдікті адамдар анықталмаған.

Маймыл шешегі науқас адаммен жақын байланыста болған кезде жұғады. Вирус терідегі бөртпелер, биологиялық сұйықтықтар, киім мен төсек жабдықтары арқылы да берілуі мүмкін.

Аурудың негізгі белгілері дене қызуының көтерілуі, бас пен бұлшықеттің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және теріде бөртпенің пайда болуы.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға жеке бас гигиенасын сақтауға және белгісіз бөртпесі бар адамдармен жақын байланыспауға кеңес берді. Ауру белгілері байқалса, дәрігерге қаралып, шетелге барғаны туралы хабарлау қажет.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу