2050 жылға қарай Қазақстан халқы 26 млн-нан асады

09.07.2026 13:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
2050 жылға қарай Қазақстан халқы 26 млн-нан асады
49
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

2050 жылға қарай Қазақстан халқы 26,5 млн адамға жетеді. Бұл туралы ЮНИСЕФ ұйымының Орталық Азиядағы демографиялық өзгерістер мен көші-қон мәселелеріне арналған "Орталық Азиядағы 2050 жылғы ұрпақ" атты өңірлік есебінде айтылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазіргі таңда елімізде 20,8 млн адам тұрады. Болжамға сәйкес алдағы 2050 жылы бұл көрсеткіш 27 пайызға өсіп, халық саны тағы 5,7 млн адамға көбеймек. Дегенмен Қазақстан аймақтағы басқа елдерге қарағанда тезірек қартайып бара жатқан мемлекеттер қатарына кіреді. Орташа жас мөлшері қазір 29,7 болса, 2050 жылға қарай 31,2 жасқа дейін ұлғаяды.

Ғасыр ортасына қарай жастар мен балалардың үлесі 35 пайызға дейін қысқарады. Ал 65 жастан асқан қариялардың саны айтарлықтай көбейіп, 13,8 пайызға жетеді. Халықаралық стандарттар бойынша Қазақстан қазірдің өзінде қартаю сатысына қадам басты және болашақта "қарт қоғам" санатына жақындайды. Бұған туу көрсеткішінің төмендеуі тікелей әсер етіп отыр. Егер қазір бір әйелге орта есеппен 3 баладан келсе, 2050 жылы бұл көрсеткіш 2,4-ке дейін төмендеуі мүмкін.

Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің адам капиталы индексі бойынша Қазақстанның көрсеткіші 0,6 деңгейінде тұр. Яғни бүгін дүниеге келген бала болашақта тиісті білім мен медициналық көмек алғанның өзінде өз әлеуетінің тек 60 пайызын ғана жүзеге асыра алады. Еңбекке қабілетті халыққа түсетін демографиялық ауыртпалық та өзгереді. Қазір әр 100 жұмысшыға 61,7 асырауындағы адамнан келсе, болашақта балалар саны азайып, зейнеткерлер саны артқандықтан, бұл жүктеме сәл де болса көбейіп, 62,5-ке жетеді.

Болашақта еліміз Орталық Азиядағы ең урбанизацияланған мемлекетке айналып, халықтың 69,1 пайызы қалаларда тұратын болады. Сондай-ақ қазір Қазақстан көршілес Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары үшін негізгі еңбек бағыты болып қала бермек. 2024 жылғы мәліметке сүйенсек, қазір елде 3,7 млн шетелдік мигрант бар, бұл жалпы халықтың 19 пайызын құрайды. Ал ішкі көші-қонның артуы қала шетіндегі бейресми елді мекендердің көбеюіне алып келеді.

Құжатта ғаламдық жылыну мен аптап ыстықтың экономикаға тигізер кері әсері де назардан тыс қалмаған.

"Әсіресе Астана мен Алматы сияқты ірі шаһарлардағы қалалық жылу аралдарының әсері жұмысшыларға, оның ішінде әйелдерге айтарлықтай ауыр тиеді. 2030 жылға қарай ыстық ауа райының салдарынан еліміздің жалпы ішкі өнімі 0,12 пайызға төмендеуі мүмкін", – делінген құжатта.

Сарапшылардың пайымдауынша, экономикалық өсімді сақтап қалу үшін адами капитал мен инновацияға көбірек инвестиция құю қажет. Егер мемлекет осы бағытта дұрыс жұмыс істеп, зейнеткерлер санының артуына алдын ала дайындалса, 2050 жылға қарай жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемін қосымша 7 пайызға арттыруға мүмкіндік бар.

Войдите, чтобы оставить комментарий