Алматыда бюллетеньді суретке түсіріп, желіге салған әйел жазаланды

23.08.2026 17:24 Қарақат АСЫЛОВА
Алматыда бюллетеньді суретке түсіріп, желіге салған әйел жазаланды
274
Фото: Zakon.kz

Алматы қаласының тұрғыны Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде толтырылған бюллетеньді суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Бас прокуратура аппаратының БАҚ мониторингі және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Ерлан Жанпейсов мәлімдеді.

Оның айтуынша, сайлау барысына қатысты прокуратура органдарына шағымдар мен соттарға талап арыздар түспеген. Алайда сайлауалды үгітке қатысты заң бұзушылықтың бір дерегі анықталған.

«Бүгін сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынған. Толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіру, сондай-ақ оны тарату да үгіт болып саналады», – деді Ерлан Жанпейсов.

Алматы тұрғыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы – «Сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізу» бойынша жауапкершілікке тартылған. Ол өз кінәсін мойындап, жариялаған жазбасын өшірген.

Аталған бап бойынша жеке тұлғаларға 64 мың теңгеге дейін, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 151 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Бас прокуратура өкілі азаматтарды сайлау заңнамасының талаптарын сақтауға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий