«24 күннен кейін…»: Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен Нұржігіт туралы шұғыл хабар айтты

08.09.2026 08:37 Әсел МҰРАТ
«24 күннен кейін…»: Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен Нұржігіт туралы шұғыл хабар айтты
437
Фото: Instagram/bakytzhan.bazarbek

Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен Нұржігіттің жағдайы туралы жақсы жаңалық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзі қатысқан жол-көлік оқиғасынан кейін ауыр жағдайда жатқан Нұржігіттің комадан шыққанын хабарлады. Оның айтуынша, азамат есін жиып, жақындарын тани бастаған.

Бақытжан Базарбек Нұржігіттің қазіргі жағдайы туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«24 күн. Нұржігіт комадан шықты, оянды. Есін жиып, әйелі мен балаларын, аға-інілерін, туған-туыстарын танып отыр. Еліміздің үздік реаниматологтарының бірі Мусин Гамзат Афендиевич бастаған Тараз қаласының анестезия және реанимация бөлімінің кәсіби мамандары Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен жан-жақты әрі сапалы ем көрсетіп, Нұржігітті аяққа тұрғызу үшін бар күшін салып жатыр», – деді экс-депутат.

Базарбек сондай-ақ БАҚ өкілдерін оқиғаға қатысты ақпаратты бұрмаламай, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға шақырды.

Жол апаты қалай болды?

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді.

Апат Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, осы жол учаскесінде көлік малды қағып кеткен. Жолда қалған жануардың өлексесін алып тастау үшін бір азамат көлігінен түскен.

Осы кезде оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылған. Жол апатынан азамат ауыр жарақат алған.

Оқиғадан кейін экс-депутат алғаш рет мәлімдеме жасап, істің қазіргі уақытта тергеліп жатқанын айтты. Осыған байланысты жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын ашық жариялай алмайтынын жеткізді.

Бақытжан Базарбек көпшілікті тергеу қорытындысын күтпей тұрып, оқиғаға қатысты асығыс пікір білдірмеуге және нақты дерекке сүйенуге шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий