“27 жастан асқандарды әскери дайындыққа жібереді”: Министрлік ресми мәлімдеме жасады

13.05.2026 22:34 Қарақат АСЫЛОВА
“27 жастан асқандарды әскери дайындыққа жібереді”: Министрлік ресми мәлімдеме жасады
293
Қорғаныс министрлігі 27 жастан асқандарға қатысты қауесетті жоққа шығарды

Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде тараған «27 жастан асқан, әскерге бармаған азаматтарды міндетті түрде қайта әскери дайындықтан өткізеді» деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрліктің мәліметінше, бұл хабарлама дұрыс түсіндірілмей, контекстен бөлек түрде таратылған. Астана қаласы қорғаныс істері департаменті өкілінің айтқан сөзі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдағы қолданыстағы нормаларға қатысты болған.

Аталған заңның 33-бабына сәйкес, әскери жиындарға әскери есепте тұрған, запастағы азаматтар шақырылады. Мұндай жиындар жыл сайын жоспарлы түрде өткізіліп, елдің қорғаныс және мобилизациялық дайындығын күшейтуге бағытталған.

Министрлік атап өткендей, мерзімді әскери қызметтен заңды негізде өтпеген және 27 жасқа толған азаматтар автоматты түрде әскери қайта даярлауға жіберілмейді.

Сонымен қатар, азаматтар өз еркімен Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерінде ақылы негізде 40 күндік дайындықтан өтіп, әскери есеп мамандығын ала алады.

Министрлік халықты тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және жалған хабарламаларды таратпауға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий