+45 градусқа дейін ыстық: Аптап ыстыққа байланысты «Қазгидромет» тұрғындарға ескерту жасады
Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық сақталып отыр, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “24.kz” арнасына сілтемемен.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері еліміздің бірнеше өңірінде ауа температурасы климаттық нормадан айтарлықтай жоғары болады.
Болжамға сәйкес, орталық, солтүстік және батыс аймақтарда күндіз ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілсе, оңтүстік өңірлерде +45 градусқа дейін жетуі мүмкін. Кей жерлерде найзағай ойнап, екпінді жел соғып, бұршақ жауу ықтималдығы бар.
«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, ауа райының ыстық болуы Иран аумағынан келіп жатқан құрғақ әрі ыстық ауа массаларының әсерінен қалыптасқан. Соған қарамастан, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің бірқатар өңірінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Ал шығыс, оңтүстік, оңтүстік-батыс және орталық өңірлерде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Дәрігерлер тұрғындарға күннің ең ыстық уақыты — сағат 11:00 мен 17:00 аралығында далаға себепсіз шықпауға кеңес береді. Әсіресе, балалар, қарттар және ашық аспан астында еңбек ететін азаматтар сақ болғаны жөн. Мамандар жеткілікті мөлшерде су ішіп, ашық түсті киім киюді және мүмкіндігінше көлеңкеде немесе салқын жерде болуды ұсынады.
Астана тұрғындарының айтуынша, биылғы жаздың аптап ыстығы бұрынғы жылдарға қарағанда әлдеқайда қатты сезілуде. Көпшілік ыстықтан үйдегі кондиционердің көмегімен немесе салқын сусындар ішіп қорғанып жүргенін айтады.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы бірнеше күнде де экстремалды ыстық бәсеңдемейді. Осыған байланысты тұрғындарға дауылды ескертулерді бақылап, қауіпсіздік шараларын сақтауға және балалар мен үй жануарларын жабық көлікте қалдырмауға кеңес берілді.
Соңғы жаңалықтар