«59 жасында жұмыс іздеп жүр»: Нұрқаділовтің немересі әкесінің тағдырына қатысты жанайқайын жеткізді

18.06.2026 11:59 Әсел МҰРАТ
«59 жасында жұмыс іздеп жүр»: Нұрқаділовтің немересі әкесінің тағдырына қатысты жанайқайын жеткізді
317
Фото: отбасының жеке мұрағатынан

Заманбек Нұрқаділовтің немересі Нұрбибі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі саясаткер атасының қазасынан кейін олардың отбасының тағдыры қалай өрбігені туралы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Өз жазбасында ол әкесі Қайрат Нұрқаділовтің 59 жасында жұмыс таба алмай жүргенін және кезінде отбасымен етене араласқан адамдардың алыстап кеткенін айтты.

«Атам тірі кезінде және жоғары лауазымда болған шақта әкемнің телефоны бір сәтке де тыным таппайтын. Барлығы онымен жақын болуға тырысатын, әркімнің өз қажеті бар еді. Айналасын жағымпаздар мен жарамсақтар қоршап жүретін. Ал қазір сол адамдардың ешқайсысы әкемнің хабарламаларына жауап бермейді, тіпті одан ешқашан көмек көрмегендей кейіп танытады», – деп жазды Нұрбибі Нұрқаділова.

Оның айтуынша, әкесімен әр сөйлескен сайын жүрегі ауырып, көзіне жас келеді.

«Ол 59 жасында жұмыс іздеп, табанын тоздырып жүгіріп жүр. Бір кезде өзіне ерекше құрмет көрсеткен адамдардың бәрінен жұмысқа орналасуға жәрдем сұрайды. Бірақ олардың жауабы – бас тарту, үнсіздік және менсінбеушілік», – дейді ол.

Нұрбибінің сөзінше, атасы тірі кезде әкесі көпшілікке керек адам болған, ал бүгінде тағдыр оны өмірдің шетіне ысырып тастағандай.

«Бүгін тағы да әкеммен кездестім. Әңгімеміз тағы да атамның іс-әрекеттері оның өміріне және біздің тағдырымызға қалай әсер еткені жайында өрбіді. Тағы да оның жанарынан түңілу мен ақталмаған үміттің ізін көрдім. Тағы да осы жағдайға қатысы бар жандардың бәріне деген өкпе-реніш бойымды биледі. Әлі күнге дейін әділдік орнаған жоқ. Әлі күнге дейін бұл әулеттің тегі біздің иығымызға ауыр жүк болып түсіп тұр. Өкінішті-ақ», - деп жазды ол.

Қайрат Нұрқаділов әр жылдары мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған.

Танымал саясаткер Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы 12 қарашада өз үйінен өлі табылған еді.

Заманбек Нұрқаділов екі рет үйленген. Нұрбике Нұрқаділовамен алғашқы некесінен ұлы Қайрат пен қызы Құралай дүниеге келген. Құралай Нұрқаділова танымал дизайнер атанып, «Құралай» сән үйінің негізін қалады. Қайрат Нұрқаділовтің Нұрбибі Нұрқаділова атты қызы бар.

Кейін Заманбек Нұрқаділов Қазақстанның халық әртісі Макпал Жүнісовамен шаңырақ көтерді. Бұл некеден Мерей Заманбек есімді қыздары дүниеге келді.

Войдите, чтобы оставить комментарий