6 млрд теңгелік алаяқтық: Атырауда экс-басшылар сотталды

07.08.2026 21:16 Қарақат АСЫЛОВА
6 млрд теңгелік алаяқтық: Атырауда экс-басшылар сотталды
319
Ашық дереккөз

Атырау облыстық соты квазимемлекеттік сектордың бұрынғы лауазымды тұлғаларына қатысты алаяқтық ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот мәліметінше, негізгі айыпталушы қызметтік өкілеттігін пайдаланып, мердігер ұйымның жұмысына бейресми түрде ықпал еткен. Тергеу барысында ол жобаға заңсыз өзгерістер енгізу арқылы бюджет қаражатын жымқырды деген қорытындыға келген. Бұл іске оның бұрынғы орынбасары, мердігер ұйым қызметкерлері және жобаның авторлық қадағалауын жүзеге асырған компания өкілі де қатысқан.

Іс материалдарына сәйкес, заң бұзушылық Батыс Қазақстан өңірін ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су арнасын қайта жаңарту жобасы кезінде анықталған. Тергеу дерегінше, жоба барысында жоспарланғаннан арзанырақ құбырлар пайдаланылғанымен, жобаның жалпы құны өзгеріссіз қалған. Соның салдарынан мемлекетке 6 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

Сот үкімімен бұрынғы басшы Берік Салпек 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар:

  • Асқар Құлтумиев, Арман Мәзкенов және Аслан Ищанов – 6 жылға;
  • Нұржан Аханов – 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандардың барлығы сот залында қамауға алынды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий