6 жылға сотталған: Путиннен Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған әйел туралы не белгілі?

6 жылға сотталған: Путиннен Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған әйел туралы не белгілі?
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Қазақстанға Ресей әскерін кіргізуге шақырған 39 жастағы екібастұздық Ольга Мұхамеджанова биыл сәуірде есірткіге қатысты қылмыс үшін 6 жылға сотталған. Бірақ сот үкімінен кейін ол түрмеге қамалмаған. Неге? Politico.kz сот құжаттарын қарап, 39 жастағы әйелдің қандай қылмыс үшін жазаланғанын және қалай бостандықта қалғанын анықтады.

Бүгін, 28 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ольга Мұхамеджанованың ұсталғанын хабарлады. Бұған оның әлеуметтік желідегі мәлімдемелері себеп болған. Әйел қазақтарды қорлап, Ресей президенті Владимир Путинді Қазақстанға әскер кіргізуге шақырған. Сондай-ақ Қазақстанның бірқатар қаласын Ресей қайтадан өзіне қосып алады деген сөздер айтқан.

ҰҚК оның бұған дейін есірткіге қатысты қылмыс үшін сотталғанын да мәлімдеді.

Politico.kz сот органдарының бірыңғай порталынан 2026 жылғы 14 сәуірде шыққан үкімді тапты. Құжатқа қарағанда, Мұхамеджанова есірткіні жеке тұтыну үшін сақтағаны және психотроптық заттарды сату мақсатында заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылған.

Сот құжаттарында Ольга Борисовна 1987 жылы Павлодар облысында туғаны жазылған. Екібастұзда тұрады, орта арнаулы білімі бар, ресми түрде жұмыс істемейді, тұрмыста.

Оқиға биыл 22 қаңтарда болған.

Сол күні Мұхамеджанова Павлодарда жүрген. Кешкі сағат 19:43 шамасында полицейлер «Ертіс» бақылау-өткізу бекетінің маңында ол отырған көлікті тоқтатқан.

Тексеру кезінде әйелдің жанынан 4-метилметкатинон психотроптық затының 1,3 грамм аналогы және MDMB-4en-PINACA синтетикалық каннабиноиды салынған 50 орама табылған. Соңғысының жалпы салмағы 0,1815 грамм болған.

Іс материалдарына сәйкес, бұл заттар кейін сату үшін сақталған.

Бұдан бөлек, әйелдің сөмкесінен 2,6 грамм кептірілген марихуана шыққан. Сот оны Мұхамеджанованың өзі тұтыну үшін сақтағанын анықтады.

Тергеу кезінде Мұхамеджанова есірткінің қолына қалай түскенін басқаша түсіндірген.

Оның айтуынша, 22 қаңтарда Павлодарға жеке шаруасымен келген. Кешкісін үйлердің бірінің жанынан өтіп бара жатып, қардың арасында жатқан белгісіз орамалар мен қораптарды байқап қалған.

Ішінде есірткі барын бірден түсінгенін айтқан әйел оларды өзі тұтыну үшін алып кеткенін жеткізген.

Кейін құрбысымен бірге Екібастұзға баратын таксиге отырған. Алайда жолда көлікті полицейлер тоқтатқан.

Сотта Мұхамеджанова өзіне тағылған айыптардың бәрін толық мойындаған. Кінәсіне өкініп, тергеу жинаған дәлелдерге дау айтпаған. Сондықтан іс қысқартылған тәртіппен қаралған.

14 сәуірде Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Ольга Мұхамеджанованы ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-бөлігі және 296-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған.

Психотроптық заттарды сату мақсатында заңсыз сақтағаны үшін оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал есірткіні сату мақсатынсыз сақтағаны үшін 80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы берілген.

Қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза 6 жыл бас бостандығынан айыру болып белгіленген.

Дегенмен сот әйелді бірден түрмеге жібермеген.

Судья оның бұған дейін сотталмағанын, кінәсін толық мойындағанын, жасаған ісіне өкінгенін және 9 жастағы баласын тәрбиелеп отырғанын ескерген. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Осылайша Қылмыстық кодекстің 74-бабына сүйенген сот 6 жылдық жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдырған. Осы уақыт ішінде әйелдің жүріс-тұрысын тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі бақылауға тиіс болған.

Сот үкімінде бұл жеңілдіктің қандай жағдайда күшін жоюға болатыны да көрсетілген. Мәселен, сотталған әйел баласын тәрбиелеуден жалтарса немесе екі рет жазбаша ескерту алғаннан кейін де қоғамдық тәртіпті бұза берсе, жазаны кейінге қалдыру туралы шешімнің күші жойылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, сот Мұхамеджановаға 99 612 теңге іс жүргізу шығынын және Жәбірленушілерге өтемақы қорына 86 500 теңге төлеуді міндеттеген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу