«9 СОБР қызметкері жабылып тепкіледі»: Астанадағы матчтан кейінгі оқиға жұртты дүр сілкіндірді

17.07.2026 12:14 Әсел МҰРАТ
«9 СОБР қызметкері жабылып тепкіледі»: Астанадағы матчтан кейінгі оқиға жұртты дүр сілкіндірді
204
Фото: threads.com/@sportageghj

Астана тұрғыны «Астана» – «Ақтөбе» футбол матчынан кейін өзін және бауырын арнайы мақсаттағы жасақ қызметкерлері себепсіз аяусыз соққыға жыққанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның сөзінше, оқиға 12 шілде күні «Астана Арена» стадионының маңында болған.

«Арнайы мақсаттағы жасақ қызметкерлері мені және бауырымды кішкентай қарындастарымыздың көз алдында еш себепсіз аяусыз ұрып-соқты. Өздерін таныстырған да жоқ. Кенеттен ұстап алып, күш қолдана бастады. Бізді күштеп қызметтік «Газель» көлігіне салды да, тоғыз адам жабылып ұрды. Қолымен де, берцы етігімен де басымыздан тоқтаусыз тепкілеп, аяусыз соққыға жықты. Кейін жарты сағаттай көліктің ішінде ұстап, өздерінің жүздері көрінген бейнежазбаларды күштеп өшіртті», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Жәбірленушінің айтуынша, медициналық тексеру кезінде дәрігерлер денесіндегі көптеген жарақатты тіркеген.

«Дәрігерлер жабық бас-ми жарақаты мен ми шайқалуын анықтады. Кейін Астана қаласы полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан соң, өз қаражатымызға сот-медициналық сараптама жасатуға мәжбүр болдық», – дейді қала тұрғыны.

Оқиғаға байланысты Астана қаласының полиция департаменті ресми түсініктеме берді.

Полицияның мәліметінше, «Астана» мен «Ақтөбе» арасындағы футбол матчы кезінде бір топ жанкүйерлер агрессивті мінез көрсеткен. Олар балағат сөздер айтып, қарсылас команданың жанкүйерлерін арандатуға тырысып, әдепсіз ишаралар көрсеткен. Сондай-ақ оқиғаға қатысушылардың бірі қарсылас команданың клуб туын аяғына байлап алған.

Қоғамдық тәртіпті сақтау және жанжалдың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жағдайға дер кезінде араласып, қажетті шараларды қабылдады.

«Оқиғаға қатысушылар оқшауланып, қызметтік автобусқа жеткізілді, кейін босатылды. Аталған факті бойынша қызметтік тексеру тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша оқиғаға қатысқан барлық тұлғаның әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді полиция. 

Войдите, чтобы оставить комментарий