"Адамның қалай өлетінін көргісі келген": 12 жастағы баланы аяусыз өлтірген жасөспірім қыздар ұсталды

31.08.2026 15:25 Мөлдір ҚАЙНАР
169
Фото: әлеуметтік желі

Мәскеу облсының Кабаново ауылында 26 тамыз күні жоғалып кеткен 12 жастағы баланың денесі ертесіне қараусыз қалған бұрынғы жатақхананың жертөлесінен табылды. Қылмысқа күдікті ретінде 15 және 16 жастағы екі жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеушілер адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Мәліметтерге сүйенсек, жасөспірім қыздар көрші тұратын баланы алдын ала жоспар бойынша қараусыз қалған ғимаратқа шақырып апарған. Қылмысқа пышақ пен қолғапты алдын ала дайындап қойған.

«Комсомольская правда» басылымының полициядағы дереккөзіне сәйкес, күдіктілер «адамдардың қалай өлетінін өз көзімен көргісі келгенін» айтқан. Сондай-ақ олардың қылмысты арнайы «видео челлендж» ретінде бейнетаспаға түсіргені немесе із жасыру үшін телефондарын үйде қалдырып кеткені туралы түрлі нұсқалар тексеріліп жатыр.

Қаза тапқан баланың анасы Ирина msk1 басылымына берген сұхбатында күдіктілердің бұған дейін де өзге адамдарды өлтіруді жоспарлаған болуы мүмкін екенін жеткізді.

«Тергеудің бір нұсқасы бойынша, қыздар "Кальмар ойыны" сериалының желісінен шабыттанған болуы мүмкін. Олар мұндай қорытындыға қыздардың бірінің бөлмесінде сериал плакаттарының ілулі тұрғанына қарап келген», – деді марқұмның анасы.

Сонымен қатар күдіктілердің бірінің TikTok парақшасынан аталған сериалдағы қатыгез көріністерден құралған бейнежазбалар табылғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий