Семейде сәбиді қоқысқа тастаған ата-анаға сот үкімі шықты

Семейде сәбиді қоқысқа тастаған ата-анаға сот үкімі шықты
Ашық дереккөз

Абай облысының Семей қаласында сәби өліміне қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиғаға байланысты бұрын полицияда қызмет еткен екі адам жауапқа тартылып, әрқайсысына жаза тағайындалды.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот баланың әкесін кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылып, полицияның аға лейтенанты шенінен айырылды.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға биыл 3 ақпанда болған. Ер адам сүйіктісінің өтінішінен кейін жаңа туған сәбиді Семейдің сол жағалауындағы қоқыс жәшігіне тастаған. Нәресте суықтан көз жұмған.

Ал баланың анасы, бұрын полицияда кіші сержант болып қызмет еткен 20 жастағы Семей тұрғыны екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жаңа туған баласын өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, полиция шенінен де айырылды.

Сотта анықталғандай, жас әйел құрбыларымен бірге тұрған және баланы үй жағдайында босанған. Одан кейін ол жігітіне телефон шалып, нәрестеден құтылуды сұраған. Бастапқыда сәби табылып, тергеу басталған кезде әйел баланың өлі туғанын айтқан.

Алайда сот талқылауы барысында істің мән-жайы анықталып, екі айыпталушыға қатысты үкім шығарылды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу