Әділетхан Молдахан кінәсін мойындады

01.06.2026 15:46 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әділетхан Молдахан кінәсін мойындады
164
Фото: әлеуметтік желіден

Алматының Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан жалған ақпарат таратты деген айыпты толық мойындайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Журналистер бөлек бөлмеден бақылаған процесте жәбірленушілер қатарында Алматы қалалық полиция департаментінің бұрынғы лауазымды тұлғалары Ержан Ұзабаев пен Серік Шұмаев болды.

Еске салсақ, наурыз айында блогер Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына шенеуніктердің балалары мен полиция қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, артынша қамауға алынған еді.

Сотта қорғаушы тарап тараптардың медиациялық келісімге келуі үшін істі кейінге қалдырып, күдіктіні үйқамаққа шығаруды сұрады. Алайда судья Ерлан Қасымбек прокурордың қарсылығынан кейін кеңесу бөлмесінен оралып, үйқамақ туралы өтінішті қанағаттандырмады, ал процессуалдық келісім мәселесі прокуратураның қарауына жіберілді.

Жәбірленуші Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдіраимов 10 млн моральдық өтемақы мен 1 млн сот шығынын өндіру туралы талап арыз түсірді.

«Сотталушы өзінің қылмыстық құқықбұзушылығын толықтай мойындады. Сол үшін сот процесі қысқартылған түрде өтсін деп өтініш-талап берілді. Біз оған қарсылық білдірмедік, соттың қарауына қалдырдық. Қысқартылған түрде дегеніміз іс бойынша дәлелдемелерге сотталушы қарсылығы жоқ әрі куәлерден жауап алуды қажет етпейді. Ол туралы өтініш талап келесі сот процесінде қаралады. Біз бұлтартпау шарасына қатысты өтініш-талапқа қатысты қарсылық білдірмедік соттың қарауына қалдырдық. Медиацияға келуге қатысты біз әлі шарттарды білмейміз, ол туралы сұрақ ашық қалды. Тағылған айып бойынша кінәсі дәлелденсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылу немесе 3000 АЕК айыппұл салынуы мүмкін», – деді Әбдіраимов.

Әділетхан Молдахан мен оның қорғаушылары тілшілерге пікір білдіруден бас тартты, ал келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді.

Войдите, чтобы оставить комментарий