Кеше ғана бірігіп президентке үндеу жасаймыз деген адвокаттар тарқап кетті

31.03.2026 09:41 Арман Ермеков
Кеше ғана бірігіп президентке үндеу жасаймыз деген адвокаттар тарқап кетті
685
Фото: Бейнеден алынған кадр

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан зардап шеккендердің адвокаттары бірігіп Президентке үндеу жолдамақ болған тұста олардың бірі қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша жәбірленуші тараптың мүддесін қорғайтын заңгер Әділетхан Молдахан мен адвокаттар Олег Чернов және Мейірман Шекеев күш біріктірген болатын. Алайда олардың бас қосқанына бір тәулік өтпей Әділетхан Молдахан көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұсталды.

Адвокаттар іс материалдарымен танысып үлгерген және бірнеше сараптама қорытындысын алған. Олардың басты мақсаты Мемлекет басшысы мен Парламент депутаттарына арнайы үндеу жолдап, мас күйде көлік басқаруды абайсызда жасалған қылмыс қатарынан шығару үшін заңнамаға өзгеріс енгізуді талап ету еді.

Тергеу органдарының мәліметінше процесс заң талаптарына сай жүріп жатыр және барлық зерттеулер аяқталған соң іс сотқа өтпек.

Айта кетейік, Мейірман Шекеев бұған дейін кінәлі кәсіпкердің ата-анасы марқұмның үйіне ауыл әкімін ертіп барып өтемақы ұсынғанын мәлімдеген еді.

Еске салайық, 21 наурызда Әл-Фараби даңғылында Zeekr мен Mercedes көліктері соғысып, үш адам қаза тапқан болатын. Мас күйде қарсы бағытқа шығып кеткен 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак қазір қамауда отыр. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен жолаушы Құмар және оның құрбысы оқиға орнында мерт болды.

Атышулы оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы қаласы полиция департаментінің бірқатар басшысын қызметінен босатты. Сонымен қатар полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, ведомство ішінде тексеріс басталды.

Дәл осы оқиғалар тұсында аталған даңғылда тағы бір адам жол апатынан көз жұмған еді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий