«Аффект жағдайы емес»: Судья Сәрсемәлиевтің ісі бойынша үкімді түсіндіру кезінде неге мән берді?
Сәрсемәлиев ісі бойынша үкімді түсіндіру барысында судья Зарема Хамидуллина оның Наурызды «өзін-өзі қорғау мақсатында», ал қалған жәбірленушілерді «өз әрекетіне есеп бере алмайтын күйде» өлтірдім деген уәждері расталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Сот сондай-ақ айыпталушының қылмыс кезінде аффект жағдайында болғаны туралы қорғаушы тараптың ұстанымын да жоққа шығарды.
Судьяның айтуынша, жәбірленушіге кемінде 10 пышақ жарақаты салынса, оның үстіне кейіннен денені жасыру әрекеттері жасалса, бұл жерде өзін-өзі қорғау туралы айту мүмкін емес. Бұл қылмыстың мақсатты түрде жасалғанын көрсетеді.
Судья Наурыздың денесі өлімінен кейін 10 айдан астам уақыт өткен соң барып табылғанын түсіндірді. Дененің қатты шіріп кетуіне байланысты сарапшылар терінің аман қалған тұстарынан тек 10 пышақ жарақатын анықтай алған, алайда маманның қорытындысы бойынша жарақаттар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Сонымен қатар қаза тапқан төрт адамның да өліміне әкелген соққылар жүрек тұсына жасалған. Ал Мақсот, Нәсіп және Мейрамгүлдің қолдары мен білектерінде жарақаттар анықталған, бұл олардың шабуылдаушыдан қорғанбақ болғанын дәлелдейді.
Сот сот-психологиялық және психиатриялық сараптаманың қорытындысына сүйенді. Оған сәйкес, Сәрсемәлиев есі дұрыс деп танылған, жүйке ауруларымен ауырмайды және қылмыс жасау кезінде физиологиялық немесе патологиялық аффект жағдайында болмаған. Сот физиологиялық аффектінің қысқа мерзімді күй екенін, ал сотталушының әрекеттері бірнеше айға созылып, жүйелі түрде жүзеге асырылғанын атап өтті.
Судьяның сөзінше, Сәрсемәлиев қылмысқа алдын ала дайындалып, саналы түрде әрекет еткен, ал кісі өліміне бұрынғы әйелінің туыстарымен арадағы жанжал себеп болған.
«Балаларын ойлайтын әке оларды жетім қалдырмас еді»
Сотталушыға қарата айтқан сөзінде судья егер ол жақсы күйеу әрі жақсы күйеу бала болғанда, әйелінің ата-анасы қызын кері қайтарып алуға тырыспас еді дегенді алға тартты.
"Сіз Наурызды қасақана өлтірдіңіз, ал отбасының қалған мүшелерін алғашқы қылмысым ашылып қалады деп қорыққандықтан өмірден қидыңыз. Сіз жазықсыз адамдарды өлтірдіңіз", – деді Зарема Хамидуллина.
Судья сот процесі барысында Сәрсемәлиевтің жәбірленушілер тарапынан мұндай қатыгез қылмысқа итермелейтіндей қандай әрекет немесе сөз болғанын түсіндіріп бере алмағанын баса айтты.
Сотталушы бұл қылмыстарды балалары үшін жасағанын алға тартқанымен, сот бұл уәжді негізсіз деп тапты.
"Балаларын шынымен ойлайтын әке ешқашан оларды ата-анасыз қалдырмайды. Ол балаларының анасын ауыр жүйке ауруымен тастап, олардың болашағын өз қолымен тас-талқан етпейді", – деді судья.
Судьяның айтуынша, бүгінде балалар ата-анасының қасында емес, мемлекеттің қамқорлығында отыр. Қазір оларға ойыншық немесе тәттілер емес, өздері айырылып қалған ата-аналық махаббат пен жылулық қажет.
Сондай-ақ судья бұрынғы әйелінің ата-анасы сотталушы үшін өз әке-шешесіндей жақын адамдар болуы тиіс екенін еске салды.
"Сіз өз қолыңызбен олардың өмірін қидыңыз, денелерін тиісті түрде жерлемей, шұңқырға тастай салғансыз. Наурыздың денесі үйдің қасында жатқанын біле тұра, сол жерде еш қамсыз өмір сүре бердіңіз. Кейін Мейрамгүлді өлтіріп, шұңқырды қайта қазып, оны Наурыздың үстіне көме салғансыз. Мұндай әрекеттерді адамгершілік тұрғысынан да, моральдық тұрғыдан да ақтап алу мүмкін емес", – деді судья.
Ол сот талқылауы кезінде мәйіттерді эксгумациялау сәті түсірілген бейнежазбалар зерттеліп, денелердің қаншалықты бұзылғаны айқын көрінгенін қоса кетті.
«Ал Наурыз бен Мейрамгүл бұл өмірдің қандай қызығын көрді?»
Судья сот процесі кезінде жәбірленушілерді жағымсыз жағынан көрсетіп, болған жағдайға оларды кінәлі етпек болған Сәрсемәлиевтің анасы мен қарындасының берген түсініктемелеріне бөлек тоқталды.
Судьяның айтуынша, қаза тапқандар енді өздерін қорғай алмайды, ал сотқа ұсынылған дәлелдер олардың даресіне айтылған айыптардың ешқайсысын растамаған. Сотталушының анасының «балам өмірде қызық көрмеді» деген сөзіне судья қарсы сұрақ қойды: «Ал Наурыз бен Мейрамгүл бұл өмірдің қандай қызығын көрді?».
Ол екі жәбірленушінің де бала кезінен мүгедектігі болғанын, ал олардың өмірі қайғылы жағдайда үзілгенін атап өтті. Олар енді ешқашан армандарына қол жеткізе алмайды, отбасын құрып, артынан ұрпақ қалдыра алмайды.
Сот айыпталушының «бүкіл өмірін бес баласын тәрбиелеуге және ауру әйеліне күтім жасауға арнады» деген уәжін де қабылдамады. Судьяның айтуынша, өз балалары мен жұбайына қамқорлық жасау – ерлік немесе жазаны жеңілдететін жағдай емес, ол кез келген ата-ананың тікелей табиғи міндеті.
Үкімді түсіндіруді аяқтай келе, Зарема Хамидуллина Сәрсемәлиев өз әрекетімен бір адамның ғана емес, тұтас бір әулеттің тағдырын құртып, марқұмдардың туыстарына ғана емес, бүкіл қоғамға ауыр соққы жасағанын атап өтті.
"Отбасылық жағдай қаншалықты қиын болса да, шаңырақты сақтап қалуға шыдамдылық, жауапкершілік, өзара құрмет пен кешірімділік көмектеседі. Ашу мен ыза ешқашан мәселені шешпейді, ол тек орны толмас қасіретке алып келеді", – деп түйіндеді судья.
@halyqmedia ❓ Сұлтан Сәрсемәлиев неге өмір бойына сотталды? Судья шешімнің себебін айтты Атырауда Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты резонансты іс бойынша үкім шығарған судья Зарема Хамидуллина өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасының неге тағайындалғанын түсіндірді. 🟨 Судьяның айтуынша, сот-психиатриялық сараптама Сұлтан Сәрсемәлиевтің ақыл-есінің дұрыс екенін көрсеткен. Сонымен қатар тергеу мен сот барысында оның қылмысты алдын ала жоспарлап жасағаны дәлелденген. 💬 «Сәрсемәлиевтің 2025 жылдың мамыр айынан желтоқсанға дейін төрт адамды қасақана қазаға ұшыратқаны толық дәлелденді. Бұдан бөлек, ол жәбірленушілер қайтыс болғаннан кейін алаяқтық, ұрлық, жеке куәліктерді иемдену және олардың мүлкін талан-таражға салу секілді бірнеше құқық бұзушылық жасаған», – деді судья. Іс материалдарына сәйкес, қылмыстан кейін сотталушы марқұмдардың атына несие рәсімдеп, олардың бірінің атынан ауыл тұрғындарына хабарламалар жіберген. Сондай-ақ адамдарды алдап, қайтыс болған азаматтың малын сатып жібергені анықталған. 🟥 Осы мән-жайлардың барлығын ескерген сот Сұлтан Сәрсемәлиевті қоғамнан өмір бойына оқшаулау туралы шешім қабылдаған.
♬ i was only temporary - my head is empty
Соңғы жаңалықтар