Әнипа Назарбаева ел алдындағы берешегін азайтты
Бір жылдың ішінде мемлекет алдындағы қарызы ондаған миллиард теңгеге азайған. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаеваға тиесілі Group of the Companies TDA компаниясының берешегі жыл басынан бері 85,5 млрд теңгеге қысқарған, деп хабарлайды Politico.kz Kursiv.media басылымына сілтемемен.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда компанияның мемлекетке салық, кедендік және басқа да төлемдер, өсімпұлдар мен пайыздар бойынша 6,84 млрд теңге қарызы қалған.
Ал 2026 жылғы 1 қаңтарда бұл сома 92,3 млрд теңге болған. Яғни 9 айда берешек 13,5 есе азайған.
Соған қарамастан, компания Қазақстандағы бюджетке ең көп қарызы бар кәсіпорындар арасында үшінші орында тұр. Жыл басында төртінші орында болған. 2025 жылғы 1 қазанда да төртінші орында тұрған кезде оның қарызы 90,3 млрд теңгені құраған.
Бұл қандай компания?
Group of the Companies TDA Алматы маңындағы Назарбаевтардың туған ауылы Шамалғанда тіркелген. Компания түрлі тауарларды көтерме саудамен сатумен айналысқан.
Оның иелері – Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышпаев. Соңғысы компанияны басқарады.
Қытайдан 100 контейнер тауар заңсыз әкелінген
Бұл компанияның аты бұған дейін қылмыстық істе де аталған.
2025 жылғы шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыда Қытайдан тауарларды заңсыз әкелу және жалған шот-фактуралар жазу ісі бойынша сот үкімі шыққанын хабарлаған.
Тергеу мәліметінше, Group of the Companies TDA Қытайдан халық тұтынатын түрлі тауар тиелген 100 контейнерді заңсыз кіргізген. Сондай-ақ өзіне қарасты 10 кәсіпорынды пайдаланып, жалған шот-фактуралар рәсімдеген.
Соның салдарынан мемлекетке қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша 10 млрд теңге залал келген.
Тергеу кезінде оның 643 млн теңгесі қайтарылған. Сот рұқсатымен 1,3 млрд теңгенің тауарына, сондай-ақ күдіктілердің 300 млн теңге тұратын жер телімдері мен көліктеріне тыйым салынған.
Бұдан бөлек, компаниямен жұмыс істеген 47 кәсіпорын өзара есеп айырысу құжаттарына түзету енгізіп, бюджетке ерікті түрде 240 млн теңге салық төлеген.
Алматының Алмалы аудандық соты осы іске кінәлі деп танылған адамдарды мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырған. Олардың аты-жөні жарияланбаған. Іске қатысы бар тағы бір адам халықаралық іздеуге берілген.
Соңғы жаңалықтар