Ахмет Байтұрсынұлының бұрын еш жерде жарияланбаған суреті табылды

Ахмет Байтұрсынұлының бұрын белгісіз болып келген суреті табылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Татарстан астанасы Қазан қаласындағы мұражай қорынан Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бұрын ғылымға белгісіз болып келген суреті табылды. Бұл туралы ғалым Қайырбек Кемеңгер хабарлады. Құнды жәдігер қайраткердің өміріне қатысты жаңа деректерді ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Ғалымның айтуынша, сурет қыркүйек айының басында Қазандағы ұлттық мұражайдан табылған. Мұражай құжаттарында фотода тек татар зиялысы Мұхаммед Идрисовтің есімі көрсетілген, ал Байтұрсынұлы туралы ешқандай мәлімет болмаған. Дегенмен, қазақстандық зерттеушілер Ұлт ұстазын бірден таныған.
Тарихи сурет 1927 жылы Қазан қаласында Араб әліпбиін реформалау жөніндегі комиссия мүшелерінің басқосуында түсірілген. 22 адам бейнеленген фотода Ахмет Байтұрсынұлы алдыңғы қатардың ортасында, құрметті орында отыр.
Бұл жаңалықтың тарихи маңызы зор. Біріншіден, бұл Алаш арысының бұрын еш жерде жарияланбаған жаңа бейнесі. Екіншіден, сурет Ахмет Байтұрсынұлының 1927 жылдың күзінде Қазан қаласында болғанын дәлелдейді. Бұған дейін ғалымның өмірбаянында мұндай дерек кездеспеген еді.
Бұл жаңалық Ұлт ұстазының өмірі мен қызметін зерттеуге қосылған маңызды үлес болып саналады.
Соңғы жаңалықтар





