Air Astana-ны 20 жыл басқарған Питер Фостер қызметінен кетеді

Air Astana әуе компаниясының бас директоры Питер Фостер қызметінен кетеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Air Astana компаниясын жиырма жыл бойы басқарған Питер Фостер 2026 жылдың наурыз айының соңында бас директор және директорлар кеңесінің мүшесі қызметінен кетеді. Бұл туралы компанияның директорлар кеңесі ресми хабарлады.
Фостер Air Astana тобынан толық кетпейді. Мансабын директорлар кеңесіне аға кеңесші ретінде жұмысын жалғастырады.
Оның орнына компанияның жаңа бас директоры болып қазіргі қаржы жөніндегі атқарушы директор Ибрагим Джанлиэль тағайындалмақ.
Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жақыпов Питер Фостерге компанияның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Питер Фостер Air Astana-ны құрылу кезеңінен бастап басқарды және оны бүгінгі таңда Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші әуе компаниясына айналдырды. Сондай-ақ, ол Air Astana-ны әлемдік авиация саласында танымал брендке жеткізді», – деді ол.
Нұрлан Жақыпов сонымен бірге жаңа басшының тағайындалуына сенім білдірді.
«Ибрагим Джанлиэль Air Astana тобында 2003 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол бастапқыда коммерциялық бағыттарда жетекшілік еткен, ал 2017 жылдан бері қаржы жөніндегі атқарушы директор қызметін атқарып келеді. Оның тәжірибесі мен кәсіби білімі компанияның әрі қарай дамуына серпін береді деп сенеміз», – деді Жақыпов.
Air Astana – Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы, бүгінде ел ішіндегі және халықаралық бағыттар бойынша ондаған рейс орындайды. Компания соңғы жылдары аймақтың ең табысты және беделді әуе компанияларының біріне айналды.
Соңғы жаңалықтар





