«Әкемнің әрбір сөзі –заң»: Димаш Құдайберген өзіне отбасының қалай ықпал еткенін айтты
Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «Бизнес под капотом» Youtube арнасына берген ерекше сұхбатында ата-анасы мен атасы жайлы жылы естеліктерін айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әншінің сөзінше, оның өнерге алғашқы қадам жасауына түрткі болған жан – өзі «папа» деп еркелететін атасы.
«Бүгінгі күнгі біздің бақытты сәттеріміз, азды-көпті жетіп жатқан жетістігіміз тікелей сол кісілердің бізге бала кезден бергі құйған қаржылық еңбегі, риясыз махаббатының арқасында деп білемін. Біздің папамыз күні кеше қайтқанына екі жыл уақыт болып қалды. Өте дана, кемеңгер кісі еді. Папамыздың әрбір айтқан ақыл сөздері, нақыл сөздері, дана сөздері мәңгі жанымда қалды. Маған мәңгілік өшпейтін рухани азық болып қалды. Папамыз өте айшыл адам еді. Біздің әрбір кемшілігімізді көріп, оны түзеп, ақыл айтып санамыздың дамуына ерекше үлес қосатын. Папамыздың өзінің жақсы көретін тұлғасы болды. Дінмұхаммед Қонаев. Сол кісінің бойындағы жақсы мағынада айтқанда кірпияздығы, ішкі мәдениеті, өзін өзі ұстауы, аристократтық қасиеттері туралы әрдайым ауыз толтырып айтқанды ұнататын. «Осы кісіден үлгі ал, осы кісі бұрын осылай» деген сияқты. Ең алғаш рет сәби Димашты, бала Димашты музыка әлеміне әкеліп, ұлттық дәстүрге, ұлттық құндылыққа баулыған, ең алғаш рет қолыма қара домбыраны ұстатқан, кезінде «Еркем-ай» деген күйді үйреткен папамның еңбегі орасан зор. Қазіргі таңда ол кісі өмірден өткеннен кейін ол кісінің жетіспейтіндігі айдан анық көрінеді, қатты сезіледі. Кейде бір кеңескің келеді, ақыл сұрағың келеді», — деді әнші.
Сондай-ақ, Димаш сұхбат барысында «ағатай» деп атайтын әкесі жайлы да тоқталды.
«Әкем әрдайым бағыт-бағдар беріп, кеңесін айтып жүреді. Оның әр сөзі біз үшін заң. Ал анамыз әр концерттің алдында батасын беріп отырады. Осы үшін өзімді бақытты жан санаймын», – деді ол.
Соңғы жаңалықтар