Ірі шенеуніктер ұсталған соң Тоқаев ҰҚК басшысын тыңдады

Ірі шенеуніктер ұсталған соң Тоқаев ҰҚК басшысын тыңдады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшылары ұсталғаннан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Ермек Сағымбаев Мемлекет басшысына ҰҚК-нің жыл басынан бері атқарған жұмысының нәтижелерін баяндап, алдағы жоспарларын таныстырды.

Атап айтқанда, терроризм, экстремизм, есірткі бизнесі және ұйымдасқан қылмыспен күрес бағытында қабылданған шаралар туралы есеп берді.

Сондай-ақ кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, киберқауіпсіздік және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Кездесу соңында Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысына қатысты бірқатар тапсырма берді.

Еске салайық, 12 қарашада ҰҚК «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев пен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың және өзге де адамдардың ұсталғанын хабарлаған еді. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.

Осыдан кейін, 13 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Президент онда ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдіріп, мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық мәселесін көтерді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу