«Бірнеше айдан бері ұрады»: Астанада балабақша тәрбиешісі бүлдіршінге қол көтерді деген күдікке ілінді
Астанадағы №87 «Қадыр» мемлекеттік балабақшасында бүлдіршінге күш қолданды деген күдікке байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.
Оқиға туралы қыздың апасы Threads желісінде жазба жариялаған. Оның айтуынша, бұған дейін де балабақшада балаға қатысты осындай жағдайлар болған. Ал соңғы оқиғада тәрбиеші көмекшісі бүлдіршінге қол жұмсаған.
Әйелдің сөзінше, қызметкер өз әрекетін баланың абайсыз әрекетімен түсіндірген. Сондай-ақ ол баланы қолымен байқаусызда қағып кеткенін айтқан. Осы жағдайдан кейін отбасы полицияға арыз жазып, білім басқармасынан тиісті шара қабылдауды талап еткен.
Жазба авторы жариялаған фотосуреттерде баланың мойны мен денесінде қызарған іздер байқалады.
Ал Астана қаласының Білім басқармасы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексергенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, бейнежазбалардан балабақша қызметкерлерінің балаға күш қолданғаны анықталмаған.
«Бейнежазбаларға сәйкес, тәрбиеленуші күні бойы педагог-ассистенттің бақылауында болған және балабақшаның күн тәртібінде қарастырылған барлық іс-шараға белсенді қатысқан», – деп мәлімдеді басқарма.
Сонымен қатар білім басқармасы оқиғаға байланысты қосымша тексеру жүргізуге уәде берді.
Ал полиция бұл дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 140-бабы – кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша тергеу басталғанын растады. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар