Павлодарда 20 қытайлық заңсыз жұмыс істеп жүрген жерінен ұсталды

Павлодарда 20 қытайлық заңсыз жұмыс істеп жүрген жерінен ұсталды
Фото: Tengrinews.kz

Павлодар облысында полиция заңсыз жұмыс істеп жүрген 20 Қытай азаматын анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Олар Железин ауданына қарасты Үрлітөбе ауылында еңбек еткен. Алайда тексеру кезінде шетелдіктердің визалық құжаттарында жұмыс орны ретінде Алматы қаласы көрсетілгені белгілі болды.

Оқиға 2026 жылдың қазан айында анықталған. Железин аудандық сотының мәліметінше, Қытай азаматтарының барлығы Қазақстанға С3 санатындағы жұмыс визасымен келген. Бірақ олардың Павлодар облысында еңбек етуіне қажетті рұқсаты болмаған.

Сот отырысында шетелдіктер өз кінәларын толық мойындап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетілген мән-жайларға қарсылық білдірмеген.

Нәтижесінде сот олардың әрқайсысын Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Заңсыз жұмыс істеген 20 азаматтың әрқайсысына бір тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Сот қаулылары заңды күшіне енген.

Айта кетейік, бұған дейін 5-16 қазан аралығында Қазақстанда заңсыз еңбек еткен 3,9 мыңға жуық шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланған болатын. Сонымен қатар қажетті рұқсатсыз шетелдік жұмысшыларды жалдаған 815 жұмыс берушіге де шара қолданылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу