Кувейтте жұмбақ дертке шалдыққан қазақ қызы: СІМ ресми мәлімдеме жасады
Кувейтте қазақстандық бортсерік ауыр халде ауруханаға түсті, деп хабарлайды Politico.kz.
25 жастағы азаматшаның жағдайы Непалдан Кувейтке ұшқан рейстен кейін нашарлаған. Қазір ол медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Бұл жағдайға қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық азаматша әуе компаниясында бортсерік болып жұмыс істейді. Непалдан Кувейтке бағыт алған рейстен кейін экипаж мүшелерінің барлығының денсаулығы сыр берген. Оларда бас ауруы, дене қызуының көтерілуі секілді белгілер байқалған.
Алайда арада бір апта өткен соң 25 жастағы қыздың жағдайы күрт нашарлап, ол жансақтау бөліміне түскен. Екі күннен кейін жағдайы біршама жақсарған соң ауруханадан шығарылып, тағы жеті күн бойы тамыр арқылы ем қабылдаған.
Бірақ емнің жетінші күні азаматшаның жағдайы қайта қиындаған. Оның өз кім екенін және қайда жүргенін түсінбей, тіпті ата-анасын да тани алмай қалғаны айтылады. Осыдан кейін Қазақстанның Кувейттегі дипломаттары араласып, азаматшаның қайтадан ауруханаға жатқызылуына көмектескен.
Дәрігерлер оның жағдайына байланысты жапон энцефалиті болуы мүмкін деген болжам айтқан. Қазіргі уақытта қазақстандық азаматша ем қабылдап жатыр. Алайда ауру белгілері әлі де сақталғаны хабарланды.
Осы жағдайға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді.
«Кувейтте ауруханаға түскен қазақстандық азаматшаға қатысты келесіні хабарлаймыз. Қазақстандық дипломаттар азаматшаның туыстарымен және емдеуші медициналық мамандармен тұрақты байланыста. Тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Бұл жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында», – делінген ведомство хабарламасында.
Соңғы жаңалықтар