"Әкім мырза, ояныңыз!": Боралдай ықшам ауданында жол жоқ

Алматы қаласы, Алатау ауданы, Боралдай ықшам ауданының тұрғындары жолдардың өте нашар күйде екенін айтып, жергілікті биліктен нақты шаралар қабылдауды сұрайды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Осы күндері аудан әкімдерінің есеп беру кездесулері жиі өтіп жатыр. Бірақ тұрғындар әкімдердің тек статистикалық мәліметтерді ғана баяндайтынын, ал нақты мәселелер сол күйі шешілмей келе жатқанын айтып, наразы. Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев бұл қызметке келгеніне жеті-сегіз ай болғанымен, Боралдай ықшам ауданының тұрғындары жол мәселесі әлі күнге дейін назардан тыс қалып отыр деп дабыл қағуда.
«Әкім мырза, сіз немен айналысып жатырсыз? Боралдай тұрғындарының қандай жағдайда өмір сүріп жатқанынан хабарыңыз бар ма? Бұл аймаққа келіп, жағдайды өз көзіңізбен көретін жоспарыңыз бар ма?», – дейді тұрғындар.
Көктем мезгілінде бұл ауданның көшелері балшыққа айналады. Жергілікті халықтың айтуынша, оқушылар мектепке барып-қайтарда киімдері, аяқ киімдері түгел лайға малынады. Жолдардың жағдайы адам түгілі көлікпен жүрудің өзі мүмкін емес күйге жеткен.
«Жолсыздықтан жедел жәрдем қызметі де уақытында жете алмайды», – дейді жергілікті тұрғындар.
Аудан тұрғындары өздері жолды дұрыстауға тырысқан. Алайда ауыр жүк көліктері жаңадан төселген жолдарды қайта бұзып, батпаққа айналдырып жіберген.
«Балаларымыз балшық кешіп мектепке барады. Су етіксіз жүру мүмкін емес. Жол астында шұңқырлар көп, көлікпен жүру қауіпті. Әкімдік бұл мәселені қашан қолға алады?», – деп сұрайды халық.
Тұрғындар Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаевтан шұғыл түрде бұл мәселені шешуді талап етіп отыр.
Соңғы жаңалықтар





