Әкімдердің жалған шешімдері әшкере болды
Алматы. 28 қаңтар. Politico.kz – Алматы облысының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың жалған құжаттар арқылы жер телімдерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерткенін әшкереледі, деп хабарлайды Алматы облысының прокуратурасы.
Қарасай ауданында жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы жерінің мақсаты әкімдіктің жалған шешімі негізінде өзгертілген. Кейіннен бұл аумақ 83 жеке учаскеге бөлініп кеткен. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Қарасай аудандық соты жалған құжаттарды заңсыз деп танып, олардың күшін жойды.
Ұқсас дерек Іле ауданында да тіркелді. Мұнда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер беру туралы әкімнің шешімі қолдан жасалған болып шықты. Сот шешімімен аталған жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Аталған фактілер бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі (Жалған құжаттарды жасау және өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне сай өзге ақпарат жарияланбайды.
Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаевті тергеп жатыр.
Соңғы жаңалықтар