ҰҚК әкімнің орынбасарын тергеп жатыр

27.01.2026 09:48 Арман Ермеков Арман Ермеков
ҰҚК әкімнің орынбасарын тергеп жатыр
522
Фото: instagram.com/akshabaev_kuat

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаевтің ұсталуына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

ҰҚК редакциямыз жолдаған арнайы сауалға сәйкес қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдарының жүріп жатқанын растады.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ресми жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жемқорлыққа қарсы іс қимыл қызметі арнайы операция жүргізгені туралы мәлімет тараған болатын. Бейресми дереккөздердің хабарлауынша: Қуат Қарабайұлы Ақшабаев 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілініп отыр.

Қуат Ақшабаев Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметіне 2025 жылдың ақпан айында ғана тағайындалған. 1986 жылы туған шенеунік бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары, Рахат ауылдық округінің әкімі және Есік қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Еңбек жолын есепші болып бастап, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да жұмыс істеген.

Айта кетерлік жайт: Іле ауданының басшылығы бұған дейін де жемқорлық дауының ортасында қалған еді. Өткен жылдың желтоқсан айында ауданның бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа қатысты сот үкімі шыққан болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий