Әкімдіктер Қаңтар оқиғасынан кейін митингтерден қорқады – депутат
Мәжіліс депутаты Снежана Имашеваның айтуынша, Қазақстанда бейбіт жиналыстар туралы заң жалпы алғанда демократиялық талаптарға сай қабылданғанымен, оны орындауда мәселе бар, деп хабарлайды Politico.kz.
Негізгі түйткіл – әкімдіктердің бұл заңды іске асыруға құлықсыздығы.
«Заң жақсы. Бірақ әкімдіктер оны орындаудан қашады. Әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін ешбір әкімдік митинг өткізуге рұқсат бергісі келмейді, одан оттан қорыққандай қорқады. Бұл – әкімдіктердің жұмысына қатысты мәселе. Мен білемін, кейбір белсенділер әкімдердің әрекетіне қарсы сотқа жүгініп, істерін ұтып та жатыр», – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, бейбіт жиналыстар бостандығына қатысты Конституциялық соттың да арнайы түсіндірмесі бар. Заңда белгілі бір рәсімдер қарастырылғанымен, басты жауапкершілік бәрібір жергілікті атқарушы органдарға тіреледі.
Имашева әкімдіктермен жүйелі жұмыс істеу қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар ол бейбіт жиналыс өткізу құқығы ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп сияқты жағдайларда шектелуі мүмкін екенін де еске салды.
Депутаттың пікірінше, митинг өткізу құқығы – негізінен еуропалық құндылықтарға тән ұғым.
«Бұрын адамдардың өз ойын жеткізудің басқа жолы болмаған. Ал қазір заман өзгерді: талап-тілектер мен пікірлер әлеуметтік желілер арқылы – Instagram, Facebook арқылы айтылып жатыр», – деді ол.
Соңғы жаңалықтар