«Ерен еңбегі үшін» медалі ел арасында қызу талқыланды
Әнші әрі блогер Анара Батырханның «Ерен еңбегі үшін» медалін алуы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі әншіні құттықтаса, енді бірі оның қандай еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болғанын сұрауда. Журналист Иван Стрижаков та бұл мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
23 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында қазақстандықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған. Ақорданың мәліметінше, екі мыңнан астам азамат марапатқа ие болған.
Қазақстанда Республика күні 25 қазанда атап өтіледі. Бұл мереке 1990 жылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен байланысты. Мемлекеттік марапаттар елдің дамуына еңбегімен үлес қосқан азаматтарға берілген.
Марапатталғандардың арасында әнші Анара Батырхан да бар. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалін Президент атынан Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қолынан алған.
Осыдан кейін әлеуметтік желіде әншінің марапаты туралы түрлі пікір айтыла бастады. Журналист Иван Стрижаков та видео жариялап, мемлекеттік награданың қадірі туралы мәселе көтерді.
«Анара Батырханның жақсы ән айтатынына таласпаймын. Бірақ мені оның әндерінен бөлек көпшілікке тағы не ұсынып жүргені қызықтырды», деді журналист.
Стрижаков әнші туралы бұрын жарияланған материалдарды қарағанын айтты. Оның сөзінше, сол материалдардың бірінде Батырхан болашақ күйеуі айына кемінде 5 миллион теңге табуы керек деген пікір білдірген. Журналист әншінің бұрынғы жігітіне қол көтергені туралы айтқанын да еске салды.
Ол Президенттің TikTok менталитетімен күресу қажеттігі туралы сөзін еске алып, мұндай жағдайда мемлекеттік марапаттың құны қалай бағаланатынын сұрады.
«Елестетіп көріңіздер, 40 жыл жұмыс істеген дәрігер мемлекеттік марапат алады. Анара Батырхан да алады. Сонда бұл марапаттың құны қаншалықты өзгерді? Оны өздеріңіз шешіңіздер», деді Иван Стрижаков.
Журналист осы тұста «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Мұрат Құсайыновтың мәселесін де көтерді.
Оның айтуынша, көпшілік өнер иесіне «Қазақстанның халық әртісі» атағын беруді сұрап, петиция жариялаған. Алайда Мұрат Құсайынов әлі күнге дейін бұл атақты алмаған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петиция жарияланған болатын.
Анара Батырханға берілген мемлекеттік марапатқа қатысты әлеуметтік желідегі пікірталас әлі жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар