Айсултан Сейітов пен A$AP Rocky-дің жаңа клипі плагиат дауына қалды
Әйгілі қазақстандық режиссер Айсултан Сейітов пен американдық рэпер A$AP Rocky-дің «Shroom Clouds» атты жаңа бейнебаяны төңірегінде жанжал туындады. Суретші Cache Bunny клип авторларын өзінің жұмысын рұқсатсыз қолданды және жасанды интеллект көмегімен түпнұсқа бейнедегі кейіпкерді рэперге алмастырды деп айыптады. Бұл туралы Politico.kz хабарлайды.
Бейнебаян YouTube желісінде қазан айының 19-ы күні жарық көрді. Клиптің режиссерлері ретінде A$AP Rocky, Айсултан Сейітов және Пьетро Биз Бьязия көрсетілген. Алайда көрермендер мен әлеуметтік желі қолданушылары видеодағы кадрлардың бірі американдық бейнережиссерлер Cache Bunny мен Ari Fararooy 2019 жылы шығарған жұмысқа өте ұқсас екенін байқаған.
Cache Bunny екі роликті салыстыра отырып, клип авторлары түпнұсқа видеоны рұқсатсыз алып, жасанды интеллект арқылы кадрдағы адамды A$AP Rocky-ге ауыстырып жібергенін мәлімдеді. Сонымен қатар, шөптің кескіні мен көлеңке өзгеріссіз қалғанын атап өтті.
Суретшінің айтуынша, оны ең қатты қынжылтқан жайт — клип командасы тарапынан ешқандай байланыс болмауы. Жобаға қатысқан өзге адамдардың барлығы қаламақы алып, титрде көрсетілген, бірақ өздеріне ешкім хабарласпаған.
Желідегі қызу талқылаудан кейін режиссер жарияланған клип өздері жасаған түпнұсқа нұсқадан өзгеше екенін түсіндірді.
— Мен және менің командамыз бұл видео үстінде өте ұзақ әрі қажырлы еңбек еттік. Көп күтуден кейін оның жарық көргеніне қуаныштымын, алайда бұл мен бастапқыда жасаған нұсқа емес, — деп жазды Сейітов.
Режиссер авторының рұқсатынсыз қолданылуы мүмкін даулы кадрлар туралы жақында ғана білгенін жеткізді. Қазіргі таңда команда клиптің бастапқы режиссерлік нұсқасын дайындап жатыр және оны жеке жариялауды көздеп отыр. Алайда бұл үшін музыкалық лейблдің рұқсаты қажет.
Бұл жағдайға жобаға сопродюсер ретінде қатысқан ProdCo компаниясы да араласты. Олардың мәлімдемесі бойынша, бейнебаян режиссер мен продюсерлік командаға алдын ала ескертусіз шығарылған. Жарияланғаннан кейін олар видеодан жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген қосымша көріністерді анықтаған.
ProdCo жобаға айтарлықтай қаражат салғанымен, дайын клипті түбегейлі өзгерткен шешімдерге қатыспағанын мәлімдеді. Сондай-ақ компания титрлерге қатысты да наразылық білдірді: олардың дерегінше, титрге материалдарды беру кезінде жобаға қатыспаған басқа қосалқы режиссер қосылған, ал өздерін сопродюсер ретінде көрсетпеген.
Продюсерлік компания Cache Bunny-ді қолдап, клип авторларын оның атын көрсетуге және өтемақы төлеуге шақырды. Сонымен қатар, ЖИ көмегімен қосылған көріністерсіз Сейітовтің бастапқы видео нұсқасын жариялауды талап етті.
Соңғы жаңалықтар