Актриса Дариға Бадықова бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевтың үстінен ресми арыз түсірді

Танымал заңгер Айгүл Орынбек актриса Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевтың үстінен ресми түрде арыз түсіргенін хабарлады, деп жазады POLITICO.KZ.
Соңғы күндері көпшіліктің назарында жүрген актриса Дариға Бадықова мен оның бұрынғы жұбайы арасындағы отбасылық дау енді құқықтық деңгейге өтті. Белгілі заңгер Айгүл Орынбек бұл іске араласып, Бадықованың мүддесін қорғауға кірісті.
«Дариға барынша сабырлық пен түсіністік танытып келді. Бірақ отбасылық құпияны жария ету, жеке хат алмасулар мен аудио-видеожазбаларды көпшілікке таратамын деп мәлімдеу — бұл адамның ар-намысына тиіп қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін әрекет! Мұндай әрекет — бопсалау мен қысым көрсетудің айқын көрінісі», - деп жазды заңгер.
Заңгердің мәлімдеуінше, олар бүгін ресми түрде Бадықованың бұрынғы жұбайы Дархан Мұсаевтың үстінен арыз түсірген.
«Бүгін біз Дарханның үстінен ресми түрде арыз түсірдік. Бұл шешімге баруға мәжбүр болдық, себебі заңсыздыққа үнсіз қарау – әділетсіздікке жол беру деген сөз. Енді бәрі заң аясында, құқықтық алаңда шешіледі деп сенеміз», - деп жазды Айгүл Орынбек.
Сонымен қатар, заңгер Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасап, Қылмыстық кодекстің 147-бабы, яғни "Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу" туралы заңның Қазақстанда қашан нақты жұмыс істейтінін сұрады.🅟
Соңғы жаңалықтар





