«Айына 50 мың теңге табамыз»: Оралда қоқыс полигонында тұрған баланың ата-анасы табылды

09.10.2026 • 10:26 Қанат АЙБАР
«Айына 50 мың теңге табамыз»: Оралда қоқыс полигонында тұрған баланың ата-анасы табылды
390
Фото: mgorod.kz

Батыс Қазақстан облысында қоқыс полигонында тұрып, 10 жасына дейін мектепке бармаған баланың ата-анасы табылды. «Мой город» басылымының журналистері олармен кездесіп, қалай өмір сүріп жатқанын және немен күн көретінін білді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін Жоғарғы сот Оралда 10 жастағы баланың қараусыз қалғанын хабарлаған. Сот мәліметінше, анасы ішімдікке салынып, баласына тиісті қамқорлық көрсетпеген. Отбасы қоқыс полигонындағы жартылай қираған, қараусыз қалған ғимаратта тұрған. Ол жерге күмәнді адамдар жиі жиналған.

БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты әйелдің ата-аналық міндетін қасақана орындамағанын анықтады. Сот оның өмір салтын өзгертуге ниеті болмаған деген қорытындыға келді.

Сот отбасылық үлгідегі балалар ауылының талабын қанағаттандырып, әйелді ата-ана құқығынан айырды. Одан алимент өндіру туралы да шешім шығарылды.

Алимент баланың жеке депозиттік шотына аударылады. Бұл қаражат оның кәмелетке толғаннан кейін өз бетінше өмір сүруіне қаржылай қолдау болуы тиіс.

Енді «Мой город» журналистері баланың ата-анасын тауып, олардың қазіргі тұрмысын көрді.

Басылымның жазуынша, ерлі-зайыптының өмірінде бір жыл ішінде айтарлықтай өзгеріс болмаған. Олар әлі де ішімдік ішеді, тұрмыс жағдайын да жақсартпаған.

Журналистер барған кезде, таңғы сағат 10:00 шамасында баланың әкесі аяғында әрең тұрған. Ата-анасы ұлын соңғы рет шамамен 10 ай бұрын көрген.

Баланың 34 жастағы анасы Любовь ұлының балалар мекемесіне қалай түскенін айтып берді.

«Біз Деркөл кентінде пәтер жалдап тұрдық. Ол кезде күйеуім қалалық қоқыс полигонына жақын жерде күзетші болып жұмыс істейтін. Демалыс күндері оған тамақ дайындап беру үшін барғанбыз. Балам отынға от қойып, қорқып қашып кеткен. Мен оны қуып жете алмадым. Ол бір жерге тығылып қалған», деді әйел.

Любовь ұлын екі тәулік бойы іздегенін айтады.

«Баламды екі күн іздедім. Кейін полицияға барып, арыз жаздым. Біраз уақыттан соң учаскелік полиция қызметкері келіп, баламның балалар ауылында екенін айтты. Сол күні бірден бардым. Бірақ мені қорғаншылық органдарына жіберді», деді ол.

Әйелдің айтуынша, қорғаншылық органдары отбасының тұрмыс жағдайын тексеріп, баланы қайтармайтынын айтқан.

«Тұрғылықты жерімізді тексеріп, акт жасады. Баламды бермейтінін түсіндірді. Балалар ауылында ұлымның қасында бірнеше тәулік түнедім. Кейін оны тексеруден өткізу үшін ауруханаға 10 күнге апардым. Оған сәлемдемелер жіберіп жүрдім. Кейін баламның ауруханадан әлдеқашан шыққанын білдім. Сөйтсем, заттарды босқа жіберіп жүр екенмін», деді Любовь.

Әйелдің сөзінше, бұған дейін олардың үйіне полиция қызметкерлері келмеген, тұрмыс жағдайын да тексермеген.

Любовь полицейлер баласын «Школьник дүкені» аялдамасы немесе Сергей Тюленин көшесінің маңынан тапқан болуы мүмкін екенін айтты. Содан кейін бала полиция бөліміне жеткізілген.

Анасының айтуынша, ол ұлына туған күнінде, Жаңа жылда және ескі Жаңа жылда барған.

Отбасының жеке баспанасы жоқ. Олар қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағындағы қараусыз қалған ғимаратта тұрады.

Любовь баласын 6 жасында мектепке бермегенін мойындады. Оның айтуынша, ұлына оқуды және жазуды өзі үйреткен.

«Балам сегіз жасқа толғанда оны бірінші сыныпқа бергім келді. Бірақ мектеп қабылдамады. Тек дайындық сыныбына алатынын айтты. Біз келіспедік. Себебі балам басқа балалардан үлкен еді. Кейін мені мектепке мүлде келмеді деп айтты. Ал біз баламызға мектепке киетін киім алып, барлық оқу құралын дайындап қойған едік», деді Любовь.

Баланың әкесі, 36 жастағы Александр, Деркөлдегі жалдамалы пәтерге тіркелуді жоспарлағандарын айтты. Бірақ үй иелері баспананы сатуға шығарып, отбасы тіркеусіз қалған.

«Мен қалалық қоқыс полигонында жұмыс істей берер едім. Әйелім мен балам пәтерде тұратын еді. Ұлым мектепке барар еді. Бірақ тіркеусіз ештеңе істей алмадық», деді Александр.

Әкенің баласының қалай жоғалғаны туралы әңгімесі анасының айтқанынан өзгеше.

Александрдың сөзінше, олар ұлын танысының қасына қалдырған. Бала мыс күйдіргісі келген, бірақ үйдің жанында от тұтанып, қорыққанынан қашып кеткен.

Ата-анасы ұлының зерек екенін айтады. Олардың сөзінше, бала тексеру кезінде психологке оқып, жаза алмайтынын әдейі айтқан. Ал шын мәнінде әліпбидегі барлық әріпті білетін көрінеді.

«Мен онымен бір жыл бойы айналыстым. Оқуды да, жазуды да үйреттім. Ол өзінің аты мен тегін біледі. Бәлкім, бөтен адамдардан қорқатын шығар. Сондықтан тексеру кезінде өзін солай ұстаған болуы мүмкін», деді Любовь.

Баланың әкесі Александр Оралда туған. Оның ешқандай білімі жоқ, өзі де ешқашан мектепке бармаған.

Ал Любовь жетім өскен. Ол «Жас дәурен» балалар үйінде тәрбиеленген.

Ерлі-зайыпты отбасын 10 жыл бұрын құрған. Кейін Александрдың анасымен жанжалдасып, бөлек көшіп кеткен. Содан бері баласымен бірге жалдамалы саяжайлар мен қараусыз қалған үйлерді паналап жүрген.

«Мен бәрін өз бетімше үйрендім. Әріптерді буындап оқимын. Тек баспа әріптермен жаза аламын», деді Александр.

Ата-анасы қараусыз қалған ғимаратта тұрса да, өмір сүруге барлық жағдай жасалғанын айтады.

«Бізде екі пеш бар. Қыста үйіміз өте жылы. Отынды алдын ала тапсырыс беріп, уақытында жағамыз. Құдығымыз бар, дәретхана далада орналасқан. Аптасына үш рет такси шақырып, моншаға барып жуынамыз», деді баланың әкесі.

Александр отбасын асырау үшін қоқыс полигонынан бөтелке жинап, өткізетінін айтты.

«Қалалық қоқыс полигонынан бөтелке жинап, өткіземіз. Айына кемінде 50 мың теңге табамыз. Ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Нанға да, басқа азық-түлікке де ақшамыз жетеді», деді ол.

Журналистер баласын қайтарғысы келетін ата-анадан неге әлі күнге дейін ішімдік ішетінін сұрады.

Ерлі-зайыпты мұны қоқыс полигонындағы экологиялық жағдаймен түсіндірген.

«Әрине, кейде ішімдік ішеміз. Бұл жердің экологиясы сондай», деді Любовь.

Ал Александр ішімдік ішуді қоқыс полигонындағы қауіпті қалдықтармен байланыстырған.

«Мұнда шприцтер мен инелер өте көп. Оларды байқамай басып кетуің мүмкін. Сондықтан ештеңе жұқтырмас үшін ағзаны қалай да залалсыздандыру керек», деді ол.

Ата-анасының айтуынша, олар ұлымен соңғы рет ескі Жаңа жылдан кейін кездескен. Кейін екеуі де белгісіз вирустық аурумен ауырып, қатты жөтелген.

«Мүмкіндік болса, баламызды қуана алып кетер едік. Бірақ әзірге ондай мүмкіндігіміз жоқ. Ең болмаса оны бір көрсек дейміз», деді ата-анасы.

Александр отбасын толық қамтамасыз ете алатынына сенімді. Ол құрылысшы, сылақшы, сырлаушы, сантехник болып жұмыс істей алатынын айтты. Плитка төсеуді де білетінін жеткізді.

Ер адамның сөзінше, отбасы ешкімнен қайыр сұрамайды.

Журналистер 10 жастағы баланың осы уақытқа дейін білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының назарынан қалай тыс қалғанын да анықтауға тырысты.

БҚО полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылғы 4 қазанда Оралдағы автобус аялдамаларының бірінен 10 жастағы бала табылған. Ол жалғыз жүрген, жанында ересектер болмаған.

Бала өзінің мекенжайын да, ата-анасының деректерін де айта алмаған.

«Осыдан кейін полиция қызметкерлері баланы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізді. Онда балаға тамақ беріліп, қажетті қамқорлық көрсетілді. Оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілді», деп хабарлады полиция департаменті.

Журналистер баланың қайда туғанын, екпе алған-алмағанын және неге дәрігерлердің назарынан тыс қалғанын БҚО денсаулық сақтау басқармасынан сұраған.

Басқарманың мәліметінше, әйел жүктілік кезінде медициналық есепте тұрған. Баласын перзентханада босанған.

«2022 жылға дейін бала Оралдағы №6 қалалық емхананың қызмет көрсету аумағында, Борлы таулар ауданында тұрған. Сол жылдың тамызында анасы емханадан баласының құжаттарын, соның ішінде екпе картасын алып кеткен», деп хабарлады басқарма.

Әйел құжаттарды алған кезде Деркөл шағынауданына, анасының үйіне көшетінін жазып, қолхат қалдырған.

«Бірақ қолхатта көрсетілген мекенжайға барған медицина қызметкерлері баланың ол жерде тұрмайтынын анықтады. Анасы жаңа мекенжай бойынша басқа емханаға тіркелмеген», деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасы.

Орал қаласының білім бөлімі де баланың мектепке неге бармағанын түсіндірді.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы қазанға дейін анасы мен баласы қалалық қоқыс полигонындағы қараусыз қалған ғимаратта өмір сүрген.

Отбасының жағдайына полиция қызметкерлері назар аударғаннан кейін ғана бала Балаларды қолдау орталығына жеткізілген.

Сол кезде баланың сырт келбеті күтімсіз болған. Киімі қарапайым тазалық талаптарына сай келмеген. Ол бұған дейін ешқашан мектепке бармаған.

«Мамандар отбасының тұрғылықты жеріне бірнеше рет барып, тұрмыстық жағдайын тексерді. Баланың қажетті құжаттарының түпнұсқаларын алып, оны мектепке дайындай бастадық», деп хабарлады білім бөлімі.

Балаға ерекше қолдау қажет болғандықтан, оны психологиялық, медициналық және педагогикалық консультацияға жіберген.

«Тексерулер жүргізіліп, диагнозы нақтыланғаннан кейін мамандар балаға сәйкес келетін оқу бағдарламасын анықтады. Осыдан кейін ол Орал қаласындағы №15 жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбына барды», деп түсіндірді ведомство.

2026 жылғы 6 қаңтарда бала облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылына ауыстырылған.

«Қазір бала қолайлы жағдайда тұрады. Оған толыққанды тәрбие беріліп, қажетті қамқорлық көрсетіліп жатыр», деп хабарлады білім бөлімі.

Білім бөлімі баланың 10 жасқа дейін мектепке бармай, білім беру жүйесінің назарынан тыс қалған себебін де түсіндірген.

«Қазір мұғалімдер мектеп жасындағы балаларды іздеп, шағынаудандарды араламайды. Бірінші сыныпқа баратын балалар туралы алдын ала мәлімет емханалардан түседі. Бұл бала емханада тіркелмегендіктен, бізге ол туралы ақпарат келмеген», деп мәлімдеді Орал қаласының білім бөлімі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий