«Енді ана бола алмаймын»: ақтөбелік әйел тіс дәрігеріне барғаннан кейін ауыр жағдайға тап болды

09.10.2026 • 10:23 Әсел МҰРАТ
«Енді ана бола алмаймын»: ақтөбелік әйел тіс дәрігеріне барғаннан кейін ауыр жағдайға тап болды
277
Фото: видеодан скрин

Ақтөбеде жеке стоматологиялық клиникаға қатысты дау жалғасып жатыр. Тісін емдетуге барған 37 жастағы әйел ауруханаға түсіп, қазір бірнеше отаға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, дәрігердің қателігінен бірнеше тісінен айырылып, жүйкелері зақымданған. Енді ол ана болу мүмкіндігінен де айырылып қалуы мүмкін екенін айтады.Тексеру барысында клиника жұмысынан бірқатар заңбұзушылық анықталған.

Тісін емдеткеннен кейін ауруханаға түскен

Гүлжанат Құлмұрзина экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы ана болуға дайындалып жүрген. Процедура алдында тістерін емдетуді ұйғарып, жеке стоматологиялық клиникаға жүгінген.

Алайда әйелдің айтуынша, тісін емдеу және жұлу кезінде химиялық күйік алып, көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Оның сөзінше, емнен кейінгі зардаптар әлі күнге дейін сақталып келеді. Бірнеше тісі жоқ, жүйкелері зақымданған, бетінің пішіні өзгерген.

Енді Гүлжанатқа бірнеше ота жасалуы мүмкін. Әйел клиника үстінен шағым түсірген.

Ақтөбе облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті бөлімінің басшысы Нұрлыгүл Бисенованың айтуынша, пациентке стоматологиялық көмекті орта медициналық білімі бар дантист көрсеткен. Алайда қолданыстағы стандартқа сәйкес, мұндай деңгейдегі көмекті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі керек болған.

«Бұл жағдайда стоматологиялық көмекті орта медициналық білімі бар маман, яғни дантист көрсеткен. Ал стандарт бойынша, екінші деңгейде медициналық көмекті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуге тиіс», – деді Нұрлыгүл Бисенова.

Тексеру барысында пациенттің тісжегісі асқынғаны да белгілі болған. Комиссия дантиске айыппұл салып, клиникаға оны жұмыстан шеттету туралы нұсқама берген.

Дегенмен бұл шешім зардап шеккен әйелдің денсаулығын қалпына келтіру мәселесін шешкен жоқ. Гүлжанат клиникаға қарсы сотқа талап арыз берген. Оның айтуынша, жауапкерлер дауды бейбіт жолмен шешуге де ниет танытпаған.

«ЭКО арқылы ана болуды жоспарлаған едім»

Гүлжанаттың сөзінше, соттағы татуласу рәсіміне де клиника өкілдері келмеген. Ол өзінен кешірім сұраған ешкім болмағанын айтады.

«Бүгін татуласу рәсімі өтуі керек еді. Бірақ олар келмеді, ешкімнің келгісі болмады. Тіпті кешірім де сұраған жоқ. Мен алдағы уақытта ЭКО арқылы жүкті болуды жоспарлаған едім. Енді ЭКО жасата алмаймын. Балалы бола алмаймын», – деді Гүлжанат Құлмұрзина.

Қазір әйелді алда бірнеше ота мен ұзақ уақытқа созылуы мүмкін оңалту кезеңі күтіп тұр. Ал клиникаға қатысты дау сотта қаралып жатыр. 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий