Павлодар облысында мәйіттер жылдар бойы сақталған іс тоқтатылды

09.10.2026 • 09:32 Қарақат АСЫЛОВА
Павлодар облысында мәйіттер жылдар бойы сақталған іс тоқтатылды
350
Майқайыңда екі үйдегі екі мәйіт | Фото: Әлеуметтік желіден

Павлодар облысында екі адамның мәйіті үйлерінде ұзақ уақыт сақталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Ал сол үйде тұрған 6 жасар қызға қамқоршы отбасы табылды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап.

Оқиға Майқайың кентінде болған. 13 ақпанда полицейлер екі жеке үйден қыздың 39-дағы анасы мен 67 жастағы атасының мәйіттерін тапқан.

Бұған дәрігерлердің дабыл қағуы себеп болған. Ауыр дертке шалдыққан әйел ұзақ уақыт дәрігер қабылдауына келмеген. Үйіне барған медицина қызметкерлеріне ешкім есік ашпаған.

Полиция келген кезде есікті қыздың әжесі ашқан. Үйде баланың туған тәтесі де болған.

Мәйіттердің табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, екі әйел сараптамаға жіберілген.

Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісовтің айтуынша, тергеу аяқталған.

«Жүргізілген кешенді зерттеулердің қорытындысы бойынша екі әйел де есі ауысқан деп танылып, мамандандырылған психиатриялық диспансерге орналастырылды», деді ол.

Оқиғадан кейін 6 жасар қыз ауруханаға жатқызылған. Оның туғаннан бері екпе алмағаны, балабақшаға бармағаны және педиатр бақылауында болмағаны анықталған.

Дәрігерлер баланың денсаулығынан ауытқу таппаған. Психологтардың айтуынша, қыздың дамуы қатарластарынан қалыс қалмаған.

Ауруханадан шыққан соң бүлдіршін Екібастұздағы балаларды қолдау орталығына орналастырылған.

Екібастұз әкімдігінің мәліметінше, мамырда қызға қамқоршылық рәсімделген. Кейін ол қамқорлығына алған отбасымен бірге басқа облысқа көшкен. Қазір бірінші сыныпта оқиды.

Ал баланың ұзақ уақыт дәрігерлер бақылауынан тыс қалғанына қатысты сұрақтар жауапсыз қалды. Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы әзірге түсініктеме бермеген.

Марқұмның зейнетақысы төленіп келгені туралы сұраққа да нақты жауап берілмеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай мәліметтер дербес деректерге жататынын хабарлады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий