Алатауда газға қосылу қымбат, кей көшелерді абаттандыру аяқталмаған – депутат
Алатау қаласының құрамына кірген елді мекендерде тұрғындар әлі де базалық инфрақұрылым мәселелеріне тап болып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжанов бұл мәселені Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында көтерді. Оның айтуынша, қала тұрғындары партияның республикалық сайлауалды штабы мүшелерімен кездесуде өздерін алаңдатқан жайттарды айтқан.
Еңбек пен Жетіген елді мекендерінде соңғы жылдары бірқатар жұмыс атқарылған. «Келешек мектеп» салынып, заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт ашылған, газ желілері тартылған. Жолдар мен электр желілерін жаңарту басталып, Жетігендегі теміржол өткелінің мәселесі жаңа көпір іске қосылғаннан кейін шешілген.
«Алайда әлі де проблемалар бар. Кей көшелерде абаттандыру аяқталмаған. Газ желісіне қосылу құны тұрғындар үшін қымбат. Әлеуметтік нысандарға білікті мамандар тарту мәселесі де өзекті», – деді Жанарбек Әшімжанов депутаттық сауалында.
Депутаттың пікірінше, бұл жағдай жекелеген ауылдардың мәселесін ғана көрсетпейді. Ол Алатау қаласының жаңа моделі қаншалықты әділетті әрі тиімді қалыптасып жатқанын да айқындайды.
Әшімжанов цифрлық өзгерістердің толық нәтижесі туралы айту әзірге қиын екенін жеткізді. Сондықтан қаланың дамуын жаңа технологиялық нысандармен қатар, тұрғындардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен байланыстыру қажет деп санайды.
Сауалда Мемлекет басшысының Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды экономиканың барлық саласына енгізуге мән беріп отырғаны айтылған. Депутат мұны технологиялық жаңғырумен бірге мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған қадам деп бағалады.
Осы тұрғыдан Алатау Президент айқындаған жаңа экономикалық модельдің нақты көрінісі болуы тиіс. Әшімжановтың сөзінше, жоба инвестицияны, өндірісті, логистиканы және цифрлық технологияларды бір жерге шоғырландырумен шектелмеуі керек.
Депутат сауалында Президент тапсырмасымен қала құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілгенін, «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданғанын атап өтті. Ол Алатауды елдің технологиялық және экономикалық жаңғыруының маңызды алғышарттарының бірі деп санайды.
«Сондықтан Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруы тиіс», – деді Жанарбек Әшімжанов.
Оның түсіндіруінше, цифрлық мемлекет құру қосымша камера орнатумен немесе электронды қызмет енгізумен шектелмейді. Мұндағы мақсат – азаматтардың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету және инфрақұрылымды тиімді басқару. Шешімдер нақты деректерге сүйеніп қабылданып, халыққа өмір сүруге қолайлы орта жасалуы керек.
Сондықтан Алатау Smart City жобасының электрондық және әлеуметтік мүмкіндіктері қала орталығымен шектелмей, оның құрамындағы барлық елді мекенге жетуі қажет.
Әшімжанов Қанат Бозымбаевтан осы елді мекендердің бәрін қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай жоспарын бекітуді сұрады.
Сондай-ақ мектептер мен медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз етіп, цифрлық мемлекеттік қызметтерді барлық елді мекенге кезең-кезеңімен енгізуді ұсынды.
Депутат қаланың даму нәтижесін бағалайтын нақты көрсеткіштер жүйесін енгізу қажет деп санайды. Бұл жүйе инвестиция көлемімен қатар, тұрғындардың өмір сапасын, инфрақұрылымға қолжетімділігін және мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар