«Алдыма келіп жауап бер!»: Ақтауда баласынан айырылған ана министрге үндеу жасады

23.04.2026 22:26 Қарақат АСЫЛОВА
«Алдыма келіп жауап бер!»: Ақтауда баласынан айырылған ана министрге үндеу жасады
538
Фото-коллаж: Politico.kz
Баласынан айырылған ана министрді жеке жауапқа шақырды

Маңғыстау облысынан шыққан қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Azattyq-Ruhy.kz-ке сілтемемен.

14 жастағы Исмаил Азанов 13 сәуір күні көз жұмды. Баланың анасы Жұлдыз Азанова бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министріне ашық үндеу жолдап, дәрігерлердің әрекетіне наразылық білдірді.

Анасының айтуынша, ұлының денсаулығы 17 қаңтардан бастап нашарлаған. Сол күні Ақтау қаласында балаға жедел жәрдем шақырылып, дәрігерлер соқыр ішекке күдік келтірген. Алайда талдаулардан кейін диагноз расталмай, бала үйіне қайтарылған. Уақыт өте келе баланың жағдайы күрт нашарлап, үш айдан кейін, 13 сәуір күні ол Алматы қаласында қайтыс болған.

Жұлдыз Азанова өз үндеуінде медициналық жүйедегі олқылықтарға тоқталып, тексерістер тек адам қайтыс болғаннан кейін ғана жүргізілетінін сынға алды. Ол министрліктен нақты жауап беруді және оқиғаға байланысты толық тексеріс жүргізуді талап етті.

«Денсаулық сақтау министрі, осы үндеуім жеке сізге арналады. Білетін шығарсыз, мен Исмаил Азановтың анасы Жұлдыз Азановамын. Баламның тірі кезінде Сізге де, Бас прокуратураға да үндеу арнаған едім.  Ал, бүгін жеке Сізге арнаймын. Неге Сіздің қол астыңыздағы дәрігерлердің кесірінен мен жалғыз баламнан айырылуым керек?  Неге Қазақстандағы мемлекеттік ауруханаларға білімді мамандарды емес, білімсіздерді жинап алғансыздар? Неге? Менің баламның орнында сіздердің балаларыңыз болса, не істер едіңіздер? Денсаулық сақтау министрі, Сіз қайда қарап отырсыз? Тексеру жүргізу үшін міндетті түрде бала өлу керек пе? Неге оның алдын алмайсыздар? Неге көзбояушылық жасап, бала өлгеннен кейін тексересіздер? Менің ендігі талабым – Ақтау қаласына, менің алдыма келіп тұрып жауап беріңіз!», - дейді қан жылаған ана.

Анасы баласынан айырылу өзіне ауыр соққы болғанын айтып, бұл қайғыны сөзбен жеткізу мүмкін емес екенін жеткізді.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты ресми тексеру жүргізілуі мүмкін екені айтылуда.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий