Алматының ауасын кім ластап жатыр? Әкімдік негізгі себептерді атады
Алматыдағы ауаның ластануына тек көліктер ғана емес, жеке тұрғын үйлердің жылыту жүйелері мен қоғамдық тамақтану орындары да әсер етеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Әсіресе қыс мезгілінде қаладағы экологиялық жағдай күрделене түседі. Бұл туралы қалалық әкімдік мәлімдеді.
Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметінше, Алматы атмосферасына жыл сайын шамамен 189 мың тонна зиянды зат таралады. Оның 113 мың тоннаға жуығы автокөліктердің үлесіне тиесілі. Яғни, жалпы шығарындылардың басым бөлігі көлік құралдарынан пайда болады.
Алайда суық түскен кезде ауаның ластануына ықпал ететін басқа да факторлар көбейеді. Жеке сектордағы тұрғындар үйлерін көмірмен және отынмен жылыта бастайды. Бұдан бөлек, моншалар мен қоғамдық тамақтану орындары, соның ішінде кәуап пісіретін нысандар да қатты және сұйық отынды пайдалану арқылы ауаға зиянды заттар бөледі.
Қаладағы географиялық орналасу да жағдайды қиындатады. Алматы таудың етегінде орналасқандықтан, әсіресе желсіз күндері зиянды қалдықтар атмосфераға тарамай, қала үстінде жиналып қалады. Мамандар мұны температуралық инверсия құбылысымен түсіндіреді. Мұндай кезде жылы ауа қабаты ластанған ауаның жоғары көтерілуіне кедергі келтіреді.
Ауаның сапасын жақсарту үшін қала билігі бірқатар шараларды қолға алмақ. Атап айтқанда, кәсіпорындар мен тұрақты шығарындылар көздеріне қойылатын экологиялық бақылауды күшейту жоспарланып отыр. Газ тартылған аудандарда көмір мен сұйық отынды пайдалануға да шектеулер енгізу мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар қоғамдық көліктер паркін жаңарту және автобустарға арналған арнайы жолақтарды көбейту көзделген.
Соңғы жаңалықтар