Әлеуметтік желіде діни алауыздық таратқан ер адам ұсталды

Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында 42 жастағы тұрғын діни алауыздықты қоздыратын материалдарды таратты деген күдікпен ұсталды. Арнайы операцияны Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және прокуратура қызметкерлері бірлесіп жүргізді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Тергеу мәліметінше, күдікті Telegram мессенджері арқылы азаматтарды діни ерекшелігі мен үстемдігін насихаттайтын арандатушылық сипаттағы материалдарды таратқан. Оның төзімділік пен өзара құрмет қағидаттарына қайшы келетін радикалды көзқарастарды ұстанғаны айтылады.
Жиналған материалдар мен дінтану сараптамасының қорытындысы негізінде ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, телекоммуникациялық желілер арқылы діни алауыздықты қоздыру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады және бұл әрекет үшін екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Құқық қорғау органдары интернет пен әлеуметтік желілердегі жазбалардың жай ғана жеке пікір емес, қоғамдық қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін жария әрекет екенін еске салады. Олар азаматтарды өз ойын білдіруде, әсіресе әлеуметтік желіде, жауапкершілік танытуға шақырады.
Соңғы жаңалықтар





