Әл-Фарабидағы жол апаты: Пак өзін кешірген марқұмдардың отбасына қанша ақша берді?
Үш адамның өмірін қиған Алматының әл-Фараби даңғылында болған жол апатына байланысты дау қоғамды қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Politico.kz.
Желіде қазақстандықтар сотталушымен татуласқан жәбірленуші тараптың шешімін жаппай талқылап жатыр.
Журналист Гүлжан Ерғалиева бұл оқиға бойынша сот процесінде болған жағдайды сенсация деп атады. Оның айтуынша, мәселе ақшада болып отыр.
«Бұл жағдай көпшілікке қисынсыз, тосын әрі тіпті, оғаш көрінеді. Көпшілік бірден мұның астарында ақша жатыр деген ойға келді. Болжам бойынша, әр отбасыға 100 млн теңгеден өтемақы төленген, бұл шамамен 200 мың АҚШ долларына тең. Заң бойынша мұндай мәміле қарастырылған және ол тараптардың татуласуы деп аталады. Алайда жасы отызға да толмаған үш азаматтың өмірі қиылған жағдайда олардың ата-аналарының мұндай шешімі қоғамға түсініксіз әрі өкінішті көрінеді. Кейбіреулер мұны сатқындық деп бағалайды. Мұндай пікірдің де өзіндік негізі бар», – дейді журналист.
Журналист бұл мәселені заң мен сот шешуі керек екенін айтты. Ол бұл оқиға қоғам үшін қауіпті екенін ескертті.
«Қысқасы, бұл жерде құқық пен мораль бір-біріне қайшы келіп тұр. Таңдау екі жолдың арасында болды: кешіріп, өтемақы алу немесе кешірмей, ең қатаң жазаны талап ету. Шын мәнінде, мұндай жағдайлар саудаласуға, адамдық қадір-қасиетті таптайтын келісімдерге және ата-аналардың жұртшылықтан жүз жасыруына себеп болмауы тиіс еді. Өйткені мұндай қадамдарға барғандардың өздері де іштей ауыр күй кешетіні анық (олардың өздері де ұялатын сияқты).
Басқа елдерде мұндай қылмыстар қасақана жасалған ауыр құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Сондықтан сот тек қатаң үкім шығарып қана қоймай, сонымен қатар қаза болған адамдардың өмірі үшін миллиондаған доллар көлемінде өтемақы мөлшерін де өзі белгілейді. Әсіресе кінәлі адам А. Пак сияқты ауқатты болған жағдайда. Мысалы, АҚШ-та біреуді кемсіту немесе нәсілдік кемсітушілік үшін миллион доллар айыппұл төлеу немесе қомақты жаза алу жағдайлары кездеседі. Темекі және фармацевтикалық компаниялардың өнімдерін жаңсақ жарнамалау салдарынан денсаулығына зиян келген адамдарға миллиондаған доллар өтемақы төлеген көптеген мысалдар бар.Біздің елде де заң жасалған қылмыстың ауырлығына қарай әрі жазаның, әрі материалдық өтемақының толық қамтамасыз етілуін өзі реттеуі керек. Адамдарды ақша үшін осындай қорлайтын келісімдерге баруға мәжбүрлемеуі тиіс. Әділдік тұрғысынан қарағанда, Пак үш адамның өліміне әкелген әрекеті үшін ең жоғарғы жаза – 17 жыл мерзімге сотталып, қаза тапқандардың әрбір отбасына келтірілген зиян көлеміне қарай кемінде 2–3 млн АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуі керек еді. Мысалы, отбасының асыраушысынан айырылуы сияқты зардаптарды ескерген жөн.
Тағы бір қауіпті мәселе бар. Егер осындай тәжірибе қалыптасса, онда жолда адамдарды жаппай қағып кетіп, кейін мардымсыз өтемақы төлеп, ең жеңіл жазамен құтылуға бола ма деген сұрақ туындайды», - деп жазды Ерғалиева.
Еске сала кетейік, 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Жол апатынан үш адам – Mercedes жүргізушісі және 20 мен 22 жастағы екі қыз мерт болды. Тергеу мәліметінше, Пак тізгіндеген Zeekr қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат кезінде айыпталушы маскүйде болған.
Осы оқиға бойынша өтіп жатқан сотта бұған дейін жәбірленуші тарап жол апатына кінәлі Александр Пакқа кешірім беретіндерін айтып, оған талап-арыздары жоғын мәлімдеген.
Александр Пактың өз кінәсін толық мойындаған. Оған Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі «алкогольдік мас күйде жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бойынша айып тағылып отыр.
Соңғы жаңалықтар