Әлихан Смайылов ең нашар жұмыс істеген үш аймақты ашық айтты

29.07.2026 16:52 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әлихан Смайылов ең нашар жұмыс істеген үш аймақты ашық айтты
265
Фото: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы

Астанада Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мемлекеттік аудит органдарының жиынын өткізіп, жұмысы ең төмен бағаланған Маңғыстау, Қостанай және Түркістан облыстарын қатаң бақылауға алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бағалау қорытындысы бойынша рейтингте соңғы орындарды иеленген аймақтардың тексеру комиссиялары басшыларының баяндамасын тыңдаған палата төрағасы артта қалған өңірлерге талап күшейетінін ескертті. Осы мақсатта 19 маусымда рәсімдік стандартқа тиісті өзгерістер енгізілген.

«Егер тексеру комиссиясы Жоғары аудиторлық палата жүргізетін бағалау рейтингінде қатарынан үш жыл бойы соңғы үштікке енсе, тиісті мәслихатқа шаралар қабылдау туралы ұсыным енгізіледі», – деді Әлихан Смайылов.

Жиын барысында өткен жылы ең төмен нәтиже көрсеткен үш тексеру комиссиясына жағдайды жақсарту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, есеп беру міндеттелді. Ал Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының басшысына Үйлестіру кеңесі шешімдерінің дұрыс орындалмауына жол берген қызметкерлерді жауапқа тарту тапсырылды. Бұған қоса төраға алдағы уақытта кәсіби стандарттарды сақтамаған ведомстволық аудиторлардың сертификаттарын кері қайтарып алу мәселесін қарауды жүктеді.

Жалпы алғанда еліміздегі аудит саласында оң динамика байқалады. Жоғары аудиторлық палата мүшесі Рахымжан Ділдәевтің сөзіне қарағанда 20 тексеру комиссиясының 16-сы тиімді деп бағаланған. Соңғы жылдары жоғары баға алған комиссиялар саны 55%-дан 80%-ға дейін артып, аудиторлық іс-шараларды жоспарлау сапасы жақсарғандықтан бекітілген тізбеден ауытқу үлесі 8,2%-дан 4,8%-ға дейін төмендеген.

Күн тәртібінде қаралған тағы бір маңызды мәселе бюджет қаражатын заңсыз пайдалану фактілерінің алдын алу және ішкі бақылау жүйелерін күшейту болды. Осы бағытта мемлекеттік аудит органдарын Қаржы министрлігінің бірыңғай аналитикалық мониторинг жүйесіне қосу жұмысы жалғасады. Сонымен қатар қатысушылар Португалия, Түркия және Литва мамандары жүргізген тең тексеру нәтижелерін талқылап, берілген ұсынымдарды отандық аудит органдарының жұмысына енгізуді пысықтады.

Биыл Жоғары аудиторлық палатаның құрылғанына 30 жыл, ал тексеру комиссияларының жұмыс істей бастағанына 15 жыл толып отыр. Осы атаулы күндерге орай қыркүйек айында Астанада АЗОСАИ Басқару кеңесінің 63-отырысымен қатар халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий