Әлихан Смайылов Үкіметтің 2025 жылғы есебін жариялады

10.06.2026 11:16 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әлихан Смайылов Үкіметтің 2025 жылғы есебін жариялады
162
Фото: ЖАП

Парламент Мәжілісінде Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) басшысы Әлихан Смайылов Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талдап, триллиондаған қаражаттың қалай жұмсалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа Бюджет кодексіне сәйкес әкімшілерге үлкен дербестік берілгенімен, жүйені цифрландыру ісі әлі толық аяқталмаған. Мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстары толық біріктірілмегендіктен, қазына қаржысы тек екінші деңгейге дейін ғана қадағаланады. Орталық және жергілікті билік органдарының деректері кейде өзара үйлеспейтінін айтқан Әлихан Смайылов шығыстарды бөлуде басымдық беру мәселесі әлі шешілмегенін жеткізді.

«Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстары толық интеграцияланбаған. Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың деректері кейбір жағдайларда салыстыруға келмейді. Шығыстарда басымдық беру проблемалары сақталып отыр», — деді ЖАП төрағасы.

Тек бір жылдың ішінде 2,4 трлн теңге бюджет қаражаты қайта бөлініп, жекелеген әкімшілер жоспарланған соманың 90%-ына дейін басқа мақсатқа жұмсаған. Салдарынан құны 75 млрд теңге болатын 99 жоба тоқтатылып, жоспардағы 600-ден астам инвестициялық жобаның бестен бірі іске аспай қалды. Бұл ретте тиімсіз пайдаланылған қаржы көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артып отыр.

Қаржыны толық игеру нақты нәтиже бермейтінін баса айтқан аудиторлар орталықта көрсеткіштердің 5%-ы, ал аймақтарда 33%-ы орындалмағанын анықтады. Тіпті жалпы ішкі өнім болжамы 9 трлн теңгеге асып түскенімен, жоспарлаудағы қателіктер мен шамадан тыс оптимизм кесірінен бюджетке 335 млрд теңге түспей қалған. Жүйедегі теңгерімсіздікті жабу үшін 2026 жылдың 154 млрд теңге төлемі мерзімінен бұрын алынып, кәсіпкерлерге 900 млрд теңгеге жуық қосылған құн салығы қайтарылмады. Соның салдарынан 244 млрд теңге бөлінбей, қомақты кредиторлық қарыз жиналып қалған. 

Жалпы мемлекет деңгейінде цифрландыру, ауыл және су шаруашылығы, экология және басқа да бағыттар бойынша 11 негізгі ұлттық және 30-дан астам нысаналы индикатордың орындалмағаны анықталды.

Салықтық әкімшілендірудің сапасы да сын көтермейді. Соңғы төрт жылда мемлекеттік кірістер органдарымен соттасқан салық төлеушілердің саны күрт өсіп, даулы соманың жартысынан көбі кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Оған қоса көлеңкелі экономиканың белең алуы мен тауар нарығындағы ашықтықтың жоқтығы бюджет кірісін айтарлықтай шектеп отыр.

Мемлекеттік қаржы жүйесіндегі тағы бір күрделі мәселе квазимемлекеттік сектордың қазынаға шамадан тыс тәуелділігі болып табылады. Жекешелендіру бағдарламасы баяулаған тұста бұл секторға 2025 жылы 812 млрд теңге бөлініп, оның 57%-ы ешқандай конкурссыз мемлекеттік тапсырма арқылы берілген. Олар бұнымен шектелмей мемлекеттік сатып алу жүйесінен қосымша 1,4 трлн теңге ұтып алған. Дегенмен компаниялардың шоттарында қыруар қаржы бос жатқанына қарамастан, қаражатты игерудегі жұмыс тиімділігі өте төмен деңгейде қалды.

Бюджет процесіне жаңадан қосылған қорлардың қызметі де ашық емес. Мемлекеттік аудиторлар Әлеуметтік медициналық сақтандыру, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру, Жәбірленушілерге өтемақы және Арнаулы мемлекеттік қорлар туралы деректердің өте тапшы екенін мәлімдеді. Бюджеттен тыс жүретін міндетті жарналар мен парафискалдық төлемдердің толық түсуі мен мақсатты жұмсалуы бақылаудан тыс қалып отыр.

Биыл алғаш рет Үкімет есебінде ЖАП ұсынымдарының орындалу барысы көрініс тауып, жауапты мемлекеттік органдармен бұл бағыттағы бірлескен жұмыс жалғасатын болды.

«Жауапты мемлекеттік органдардың берілген ұсынымдарды жоғары деңгейде орындауы маңызды, сондықтан бұл бағыттағы бірлескен жұмыс жалғасады», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Войдите, чтобы оставить комментарий