Алмат Сақатов: Ескертулерден кейін аздап басылдым
Танымал актер Алмат Сақатов қоғамдағы өзекті мәселелер, азаматтық ұстаным, әлеуметтік желідегі сыни пікірлердің әдебі мен мемлекеттік марапаттарға қатысты көзқарасын білдірді. Актер өз сөзінде жеке жауапкершілік, отбасылық құндылықтар мен арнайы органдардың жұмыс ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы актер «Әңгіме бар» подкастында айтты.
Алмат Сақатов адамның жеке қателіктері, оның жақындарына тигізер әсері мен сыртқы қысымдардың жасалу тәсілдері туралы пікір білдірді.
«Мінсіз, қателіктері жоқ адам болмайды. Мен де кезінде талай қателік жасаған тентектердің бірімін. Бірақ ол қылықтарымды кезінде тек айналамдағы төрт-бес досым, ауылдастарым немесе әйелім ғана білетін. Ал оны көпшілікке жария етіп, ертең елдің бетіне қарай алмайтындай күйге түсіру — басқа мәселе. Өйткені балаң да, әйелің де мемлекеттік қызметте істеп, ел көзінде отыруы мүмкін. Мен шетелдік әдебиеттерді көп оқимын. Арнайы қызметтердің жұмыс істеу әдісіне үңілсең, олар адаммен бірден тікелей сөйлеспейді. Алдымен тұрмыстық деңгейде түрлі кедергілер мен проблемалар туындатады: салық, көлік, айыппұл, коммуналдық төлемдер сияқты қысымдар жасайды. Осындай сындардан моймай өтсең ғана басқа амалдарға көшеді».
Сонымен бірге өнер иесі әлеуметтік желіде біреуді сынаудың әдебі мен заңдық жауапкершілігіне тоқталды.
«Әрине, мен біреудікі дұрыс, біреудікі бұрыс деп кесіп айтқым келмейді. Өйткені кез келген үлкен өрт кішкентай шоқтан басталады. Сол сияқты, елде резонанс пен айғай-шу туындамасын, тыныштық болсын деп жұмыс істейтін арнайы органдар бар. Мен олардың ісіне араласпаймын. Алайда адам болған соң, қоғамда өмір сүргендіктен, одан тыс қала алмайсың, шындықты айту керек. Кейбіреулер маған: «Сен неге пәленшенің аты-жөнін атап, оның кемшілігін ашық айтпайсың?» дейді. Біріншіден, әлеуметтік желіде біреуді жамандап, кемшілігін жіпке тізу — мәдениетсіздік. Айтқың келсе, сол адамның өзін іздеп барып айт. Шын мәнінде, желіде шенеунікке не прокурорға тікелей талап қойып жатқан жоқсың, тек халыққа көрсетіп, «мен қандай батылмын» деген эгоистік сезімді қанағаттандырып отырсың. Шын жанашыр болсаң, оны тиісті, құзырлы органдарға жеткізген дұрыс. Екіншіден, қазір заң бар, жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ ең бастысы — бұл жеке мәдениетке байланысты».
Одан бөлек ол әкесінің өмірлік ұстанымы мен Алаш қайраткерлерінің ерлігі туралы тебіреніспен бөлісті.
«Кезінде теледидарда Бауыржан ...пен бірге жұмыс істеп жүргенде, сценарийдегі кейбір есімдерді көріп, әкем маған: «Бұл есімді өзгерт, ол адам тірі ғой» дейтін. Мен: «Ол жаман адам ғой» десем, әкем: «Ол жаман болғанымен, артында отбасы, бала-шағасы, күйеу баласы мен құдалары бар, олар жақсы адамдар. Битке өкпелеп, тонды өртеуге болмайды» деп үйрететін. Сондықтан жеке адамның кемшілігін көпке жария ету дұрыс емес, оны парақорлықпен күресетін арнайы мемлекеттік органның құзырына қалдырған жөн. Осындай ескертулерден кейін мен де райымнан қайтып, аздап басылдым. Адам өзі үшін қорықпағанымен, артында отырған анасы, өсіп келе жатқан перзенттері мен немерелері үшін алаңдайды екен. Осы орайда Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты Алаш арыстарына таңғаламын. Олар өз бастарын ғана емес, бүкіл ұрпағын қауіпке тігіп, сондай тәуекелге барды. Не деген жүректі, мықты азаматтар десеңші!»
Сөз соңында актер мемлекеттік атақтарға деген көзқарасы мен ар-ождан тазалығы туралы айтып өтті.
«Қазір 30-40 жастағы жігіттерге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақтар беріліп жатады. Елу тоғыз жасқа келсем де, апам маған: «Мына бала шын еңбек сіңірді ме? Сен неге тыныш жүрмейсің, баяғыда-ақ алар едің ғой» деп ұрсып отырады. Мойындаймын, менде де кезінде «неге алмаймын» деген амбиция болды. Сол кезде бір танысым: «Instagram-ға белгілі бір лауазымды адамды мақтап 4-5 рет пост жазсаң, саған да береді, аузың қисайып қалмайды» деді. Оған мен: «Мен ол посты жазармын-ау, бірақ мені жақсы танитын достарым мен айналамдағы ел оның жағымпаздық екенін біліп қойса, бетіме қалай қараймын?» деп бас тарттым».
Соңғы жаңалықтар