Мектептерден ай сайын 375 мың теңге талап етілмек: «Қазақтелекомның» жаңа ұсынысы қоғамда сұрақ туғызды
Қазақстан мектептері мен колледждері OQU платформасын пайдаланғаны үшін ай сайын 375 мың теңге төлеуі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Время” агенттігіне сілтемемен.
Оны «Қазақтелеком» ұсынып отыр. Алайда Ұлттық білім беру деректер базасын сүйемелдеу жұмыстары бұған дейін мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келген. Бұл бір қызмет үшін мемлекет екі рет ақы төлеуі мүмкін деген сұрақ туғызды.
Басылым мәліметінше, «Қазақтелеком» еліміздегі 20 әкімдікке хат жолдап, мектептер мен колледждерді OQU ұлттық білім беру платформасына қосуды ұсынған. Құжатта әр білім беру ұйымы үшін ай сайынғы төлем мөлшері 375 мың теңге (ҚҚС-сыз) деп көрсетілген.
OQU платформасы Ұлттық білім беру деректер базасының негізінде әзірленген. Бұл база тек оқушылардың аты-жөні мен үлгерімі туралы ақпаратты қамтымайды. Ол 70-ке жуық мемлекеттік ақпараттық жүйемен байланыстырылған.
Атап айтқанда, онда балалардың фотосы, мекенжайы, телефон нөмірлері, туыстары туралы мәліметтер, екпелері, мүгедектігі, әлеуметтік көмегі және медициналық есепте тұруы жөніндегі ақпарат бар. Сондай-ақ құқық қорғау органдары мен Қорғаныс министрлігінің кейбір деректері де қамтылған.
2025 жылдың қаңтарында Ұлттық білім беру деректер базасы бес жыл мерзімге «Қазақтелекомның» сенімгерлік басқаруына берілген. Бұл келісімшарт конкурс өткізілмей жасалған.
Компания ұсынған тариф бойынша бір білім беру ұйымы айына 375 мың теңге, ал жылына 4,5 миллион теңге төлеуі керек. ҚҚС-ты қосқанда бұл сома 5,2 миллион теңгеден асады. Бұған платформаны бастапқы қосу құны кірмейді.
Қазақстанда 8 048 мектеп пен 763 колледж бар. Егер олардың барлығы OQU платформасына қосылса, «Қазақтелекомның» жылдық табысы ҚҚС-сыз шамамен 39,6 миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Ал салықты қосқанда бұл көрсеткіш 46 миллиард теңгеге жуықтайды.
Басқару келісімшартының қалған үш жылында компанияның ықтимал кірісі 138 миллиард теңгеден асуы мүмкін.
«Қазақтелеком» ай сайынғы төлемге платформаны сүйемелдеу, деректерді сақтау және пайдаланушыларға техникалық қолдау көрсету қызметтері кіретінін айтқан.
Алайда Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім беру деректер базасына техникалық қызмет көрсету мен оны сүйемелдеу жұмыстары «Талдау» АҚ-ға жүктелгенін хабарлаған. Бұл – министрлікке қарасты мемлекеттік компания, оның қызметі бюджет есебінен қаржыландырылады.
Осы жағдайға байланысты басылым бір қызмет үшін бюджеттен де, білім беру ұйымдарынан да қаражат алынуы мүмкін екенін алға тартады.
Платформа балалардың психологиялық жағдайын да бақылайды
OQU мүмкіндіктерінің қатарында оқушылардың психологиялық жағдайын бақылау, буллинг пен зорлық-зомбылық белгілерін анықтау, сондай-ақ суицид туралы ойлары болуы мүмкін балаларды анықтау жүйесі бар.
Дегенмен мұндай қорытындының қандай әдістеме негізінде жасалатыны, оны кім тексеретіні және жүйе қателескен жағдайда балалардың жеке деректері қалай қорғалатыны әзірге сұрақ күйінде қалып отыр.
«Қазақтелеком» балалардың деректері ата-анасының келісімімен өңделетінін мәлімдеген. Бірақ мұндай келісімнің іс жүзінде алынған-алынбағаны туралы мәселе де көтерілген.
Басылым дерегінше, OQU платформасын толық іске қосу 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Ал ақпараттық қауіпсіздікке қатысты тексеру 2029 жылдың мамырына белгіленген. Соған қарамастан, платформа 2026 жылдың жазында балаларды бірінші сыныпқа қабылдау кезінде қолданылған.
Сонымен қатар 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енген Цифрлық кодексте мемлекеттік ақпараттық жүйелерді дамыту үшін сенімгерлік басқаруға беру қарастырылмаған. Алайда мемлекеттік мүлік департаменті «Қазақтелекоммен» келісімшарт жаңа заң қабылданғанға дейін жасалғанын алға тартқан.
Мемлекеттік органдарға жолданған сауалдарға жауап ретінде «Қазақтелеком» келісімшарт талаптарының құпия екенін айтып, платформаны әзірлеуге өз қаражатын салғанын мәлімдеген. Компания одан түсетін табыс көлемін де коммерциялық құпияға жатқызған.
Бұған қоса, басылым мектептердің платформаны пайдалануға міндетті екенін көрсететін Үкіметтің №769 қаулысы ашық жарияланбағанын атап өткен.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы ата-аналар мектептердің балалары мен отбасы туралы жеке мәліметтер жинауына наразылық білдірген еді. Олардың айтуынша, сауалнамаларда ата-анасының жұмыс орны, табысы, білімі және баланың бауырлары туралы ақпарат сұралған. Кейбір ата-аналар мұндай мәліметтерді беруден бас тартқанын әлеуметтік желілерде жазған.
Соңғы жаңалықтар