ҚазҰУ-дағы жұмбақ өлімі: Студент қыздың өліміне қатысты жаңа деректер шықты
Студент қыздың өлімінен кейін ҚазҰУ-да үнсіздік орнады, деп хабарлайды Politico.kz.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің жатақханада көз жұмғанына қарамастан, оқу орнының күнделікті тіршілігі әдеттегідей жалғасқан. Оқиғадан кейін университетке барған Ulysmedia.kz тілшілері студенттер мен оқытушылардың бұл жағдайды ашық талқылауға құлықсыз екенін байқаған.
Басылым мәліметінше, журналистика факультетінде сабақтар жоспар бойынша өтіп, студенттер өз жұмыстарымен айналысқан. Ал деканатта ешкім болмаған: факультет басшылығы да, оның орынбасарлары мен қызметкерлері де тілшілерге түсініктеме бермеген.
Университеттің басқа факультеттерінде оқитын студенттердің бір бөлігі қайғылы жағдайдан хабарсыз екенін айтқан. Ал журналистика факультетінің кейбір білім алушылары бірінші курс студентінің бесінші жатақханада тұрғанын және оның қазасы туралы ақпарат таңертең белгілі болғанын жеткізген. Алайда олар оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартқан.
Студенттердің сөзінше, оларға болған жағдайды бөгде адамдармен, әсіресе журналистермен талқыламау ескертілген. Олар университет әкімшілігімен арада мәселе туындауынан қауіптенетінін айтқан. Тіпті жатақханада тұратын студенттер де тілшілермен сөйлесуге келіспеген.
Соған қарамастан, басылым тілшілері қайғылы оқиға болған кеш туралы кейбір мәліметтерді анықтаған. Куәгерлердің айтуынша, сол күні кешкі уақытта жатақхананың асүйіне жүгіріп келген қыз жоғарғы қабаттағы бөлмелердің бірінде төтенше жағдай болғанын хабарлаған. Мұны естіген бірнеше студент оқиға орнына қарай жүгірген.
Куәгерлердің сөзінше, бөлмеге алғашында ешкім кіруге батпаған. Кейін студенттердің бірі ішке кіріп, асылып тұрған қыздың жағдайын тексеруге тырысқан. Көп ұзамай полиция мен жедел жәрдем қызметі шақырылған. Құқық қорғау органдары келген соң оқиға орнында тексеру жүргізіліп, куәгерлерден жауап алынған.
Қаза тапқан қыздың ата-анасы болмағаны туралы да ақпарат бар. Алайда редакция бұл мәліметті ресми түрде растай алмаған.
Басылым университеттегі соңғы кадрлық өзгерістерге де тоқталған. 2026 жылдың қазан айынан бастап журналистика факультетін Ысқақ Егембердиев басқарады. Ол бұған дейін «Хабар» телеарнасында қызмет етіп, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингін басқарған. Дегенмен журналистер жаңа деканмен байланыса алмаған.
Айта кетейік, ҚазҰУ соңғы жылдары бірнеше даулы оқиғамен де қоғам назарында болған. 2024 жылы студент қыздардың жеке деректері тарағаны туралы ақпарат үлкен резонанс тудырды. Ал 2026 жылдың сәуірінде университет студенттері мен қызметкерлерінің жеке мәліметтері тағы да жарияланғаны хабарланды. Бұған қоса, қазан айында 17-жатақханадағы тұрмыстық жағдайға қатысты студенттердің шағымдары әлеуметтік желіде тараған.
Бұған дейін, 2025 жылы да ҚазҰУ-да студент қыздың қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болған. Ол кезде екінші курс студенті университет ғимараттарының бірінен құлап көз жұмған еді.
Соңғы жаңалықтар