Алматы метросында көзі көрмейтін жігіттің өлімі: Бұрынғы қызметкер 7 жылға сотталуы мүмкін
Алматы метросында көзі көрмейтін 26 жастағы жолаушының рельске құлап қаза табуына қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Іс бойынша қайғылы оқиға болған күні марқұмды турникеттен өткізген метроның бұрынғы қызметкері, бес баланың анасы Майра Болатбекова айыпталып отыр, деп хабарлайды Politico.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 10 желтоқсанында «Абай» станциясында болған. 26 жастағы Қанат вагондар арасындағы кеңістікті пойыз есігі деп ойлап, рельске құлап кеткен. Куәгерлер вагонды итеріп, оны құтқаруға тырысқанымен, ауыр жарақат алған жігіт оқиға орнында көз жұмды.
Қазір қылмыстық іс Медеу аудандық №2 сотында Қылмыстық кодекстің 344-бабы 2-бөлігі («Көлік қозғалысы қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру») бойынша қаралып жатыр. Бұл баппен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Прокурор мен айыпталушының уәжі
Прокурордың мәлімдеуінше, бақылаушы Майра Болатбекова жолаушының өздігінен қауіпсіз жүре алмайтынын көре тұра, станция кезекшісіне хабар бермей, оны тиісті қызметкерсіз турникеттен өткізіп жіберген.
Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындамай отыр. Оның сөзінше, сол күні ол кассада жұмыс істеген, тек түскі үзіліске кеткен аға оператордың орнына уақытша тұра тұрған:
«Мен әлгі жігіт оны ертіп жүр деп ойладым. Бірақ ол кетіп бара жатты. Екі метро қызметкері мен полиция қызметкерінен ер адамды платформаға дейін шығарып салуды сұрадым. Бірақ олар жұмыс орнын тастап кете алмайтынын айтып, көмектеспеді. Мұны естіген екі қыз: “Уайымдамаңыз, тәте, оны керек жеріне дейін шығарып саламыз” деп өздері шығарып салуға келісті. Мен қарап тұрған жоқпын, көмек іздедім», — деді Болатбекова сотта.
Сондай-ақ айыпталушы мен оның адвокаты Нұртуған Өмірзақ сол күні көмек шақыруға арналған SOS батырмасы істемегенін, ал қызметкерлерде рация болмағанын алға тартты. Қорғаушы тергеу кезінде платформадағы қызметкерлердің әрекеті зерттелмегенін айтып, істі қосымша тергеуге жіберуді сұрап отыр.
Марқұмның әкесінің талабы
Сотта марқұмның әкесі Нұржан Байтасов ұлының 5-сыныпта көру қабілетінен айырылғанына қарамастан, қалада өздігінен жүре алғанын, оқып, жұмыс істеп, тіпті ипотекаға пәтер алғанын айтты.
«Алға қойған жоспары көп болатын. Әлі күнге дейін оның қайтыс болғанына сене алмаймыз. Қазір де есіктен кіріп келетіндей көрінеді», — деген әкесі соттан ұлының өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Қазір сот процесі жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар