Алматыдан Гоаға бағыт алған ұшақ Делиге шұғыл қонды

Алматыдан Гоаға бағыт алған ұшақ Делиге шұғыл қонды
Фото: Depositphotos.com

Алматыдан Үндістанның Гоа штатына бет алған FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Дели әуежайына жоспардан тыс қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы жолаушылар әлеуметтік желіде жазды

Олардың айтуынша, әуе кемесі діттеген жеріне жетпей, Үндістан астанасына қонған соң, жолаушылар ұшақ ішінде біраз уақыт күтіп қалған.

«Бүгін FlyArystan әуе компаниясымен Алматыдан Гоаға ұшып шыққан едік. Алайда діттеген жерімізге жетпей, Дели әуежайына амалсыз қондық! Ұшақта отырғанымызға бір жарым сағат болды. Межелі жерге қашан жететініміз белгісіз болғандықтан, қонақүйге қашан орналастыратынын күтіп отырмыз», – деп жазды жолаушы.

Желідегі жазбаға қатысты FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді. Компания өкілдері келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

«Алматы – Гоа бағытындағы FS7415 рейсі Делиге амалсыз қонды. Қазіргі уақытта ұшу операциялық себептерге байланысты кейінге шегеріліп отыр. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі әуе компаниясы үшін басты назарда, сондықтан барлық шешім ұшу қауіпсіздігінің талаптарын ескере отырып қабылданады», – делінген ресми хабарламада.

Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, рейсті күту кезінде жолаушыларға қонақүйге орналасу және тамақтану қарастырылған.

«Ұшу кестесіндегі өзгерістер туралы ақпарат брондау кезінде көрсетілген байланыс деректеріне жолданады. Сондай-ақ бұл рейстің чартерлік екеніне назар аударамыз. Ақшаны қайтару немесе билетті қайта брондау мәселелері бойынша әуе билетін сатып алған орынға тікелей хабарласуды ұсынамыз», – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу