«Ұрып, қол-аяғын байлаған»: Атырауда қарияны қорлаған кенже ұлдың ісі сотта қаралып жатыр
Атырау облысында кенже ұлынан зәбір көрген 90-ға таяған Әділхан Сисенов денсаулығын қалпына келтіріп, сот отырысына өзі қатысты, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны қарттығына қарамастан, көршілес Жылыой ауданында өтіп жатқан сотқа арнайы келіп, баласына әділ жаза беруді сұрады. Бұған дейін соққының зардабынан денсаулығы сыр беріп, ес-түссіз жатып қалған ақсақал сот залында маусым айында болған оқиғаны егжей-тегжей баяндап берді.
Оның айтуынша, қара шаңырақта отырған 47 жастағы кенже ұлы әкесін ас-сусыз қамап, қол-аяғын скотчпен байлап тастаған және басынан әлсін-әлсін ұрған.
«Төрт айдан бері неге қамамайды? Мені қамағаны, қол-аяғымды байлағаны, тас төбемнен ұра берді. Соның зардабынан инсульт алдым, басыма қан ұйыды. Ұрып-жығып, бәрін тартып алды, тіпті киім-кешегімді де бермей қойды. Қазір балалардың киімін киіп жүрмін», – деді жәбірленуші Әділхан Сисенов.
Ақсақалдың сөзінше, баласы оған бұған дейін де бірнеше рет қол жұмсаған. Ұлының бұрын ішкі істер саласында қызмет еткенін алға тартқан қария жергілікті құзырлы органдардан уақытылы араша таппағанын, тек журналистерге сұхбат беріп, қоғамда резонанс туғаннан кейін ғана «Ұрып-соғу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
Оқиғаға куә болған ақсақалдың қарындастары мен туыстары да үшінші мәрте өтіп жатқан сот отырысына қатысып, әкейдің құқығы қорғалуын талап етуде.
«Сағыз стансасынан осымен үшінші рет келіп тұрмыз. Туған ағамыз үшін келдік, қолымен істегенді мойнымен көтерсін. Осы баланың қылығынан ағайынның бәрімен араз болдық. Ағам өткенде микроинсульт алып, ауырып қалған еді, қазір есі орнына келіп, жақсарып келеді», – деді жәбірленушінің қарындасы Кенжетай Сисенова.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамаған, сондай-ақ өзі де, қорғаушысы да түсірілім жасауға қарсылық білдірген. Тергеу амалдары мен сот процесі жүріп жатқанына қарамастан, күдікті әлі күнге дейін қамауға алынбаған.
Соңғы жаңалықтар