Алматы облысында күйеуін өлтірген жүкті әйел бостандыққа шықты

11.08.2026 10:01 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматы облысында күйеуін өлтірген жүкті әйел бостандыққа шықты
342
Фото: magnific.com

Алматы облысының Қаскелең қаласында алқабилер соты күйеуін өлтірді деп айыпталған көпбалалы ананы толық ақтап шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрі мәлімдеді. Сот шешімінен кейін бесінші баласына аяғы ауыр әйел қамаудан босатылып, бірден бостандыққа шықты. Оның босану мерзімі 15 тамызға белгіленген. Бұған дейін ол Алматыдағы тергеу изоляторында отырғандықтан, сот отырыстарына қатысу үшін Қаскелеңге 60 шақырым жол жүруге мәжбүр болған.

Құқық қорғаушының сөзіне қарағанда, қылмыстық іс қасақана кісі өлтіру бабы бойынша қозғалған. Қайғылы оқиғаға бір ғана пышақ соққысы себеп болса да, бұл жағдай отбасындағы ұзақ жылдық зорлықтан кейін орын алған.

Әйел күйеуінен үнемі таяқ жеп, түрлі қорлық көріп келген. Отағасы оны қылғындырып, қыс ортасында омыраудағы баласымен далаға қуып шыққан кездері де болған. Тіпті алдыңғы жүктілік кезінде ер адамның қатты соққысынан әйелден қан кетіп, денесі көгерген. Соған қарамастан ол балалары үшін бәріне шыдап, күйеуіне қайта оралып отырған.

Қайғылы оқиға қарсаңында әйел күйеуінің көзге шөп салғанын біліп, ажырасуға нақты шешім қабылдайды. Алайда бұл хабардан кейін ер адам оған тағы да қол көтерген. Сол күні әйел одан бұдан былай да ұра бересің бе деп сұрағанда, күйеуі оң жауап берген.

Мамандығы бойынша ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген әйел өте сабырлы адам ретінде сипатталады. Тіпті жәбірленуші тарап та оның мінезінің жайдарлы әрі салмақты болғанын растап отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий