Алматыда 12 жастағы қыз есірткі саудасымен айналысты деген күдікке ілінді

Алматыда 12 жастағы қыз есірткі саудасымен айналысты деген күдікке ілінді
Фото: IStock

Алматыда есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен үш кәмелетке толмаған қыз ұсталды,  деп хабарлайды Politico.kz.

Олардың ең кішісі небәрі 12 жаста. Жасөспірімдер есірткіні заңсыз сақтап, арнайы жасырын орындарға орналастырды деген күдікке ілінген.

Бас прокуратураның мәліметінше, ұсталған қыздардың жасы – 12, 14 және 15-те. Олар 7 және 9-сынып оқушылары. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура өкілдері есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтар интернет арқылы адамдарды жұмысқа тартатынын, есірткіні жарнамалап, сататынын атап өтті. Алайда мессенджердегі хат алмасулар, тапсырмалар мен ақша аударымдары цифрлық із қалдырады. Бұл құқық қорғау органдарына есірткі таратушыларды ғана емес, қылмыстық топтарды ұйымдастырушыларды да анықтауға мүмкіндік береді.

Мәліметке сәйкес, «Кибернадзор» жүйесі арқылы есірткіні насихаттайтын белгілері бар 10 мыңнан астам материал бұғатталған. Оның ішінде 6 мыңнан астам интернет-дүкен бар. Сонымен қатар 619 мыңнан астам дропперлік есепшот бұғатталып, қылмыстық жолмен алынған 2,6 миллиард теңгеден астам қаражатқа тыйым салынған.

Бас прокуратура жастарды есірткі бизнесіне араласпауға шақырды. Ведомствоның ескертуінше, есірткі тасымалдаушы немесе жасырын орындарға есірткі орналастырушы болып жұмыс істеу оңай табыс көзі емес, оның соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу